2019 жылдан бері 19 сарбаздың сүйегі елімізге жеткізілді
Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі Ұлы Отан соғысының майдан даласында қаза тапқан Кәдірбек Дәулетқұловтың сүйегін кіндік қаны тамған туған жеріне қайта жерлеу үшін Жамбыл облысына жеткізді. Бұл үшін Қазақстан Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің әскери-көліктік ұшағы арнайы рейсті жүзеге асырды, деп хабарлайды Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстандық жауынгердің сүйегін қарсы алуға арналған рәсім Тараз қаласы әуеайлағының әскери секторында әскери оркестрдің орындауындағы марштың сүйемелдеуімен барлық әскери рәсімдерді сақтай отырып ұйымдастырылды.
Іс-шараға Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.
Жамбыл облысының тумасы Кәдірбек Дәулетқұловтың сүйегін 2023 жылдың қараша айында Ресейдің «Әулие Илья Муромец заставасы» іздеу жасағы тапқан болатын. Іздеушілер сүйектің кімге тиесілі екенін медальондағы деректер арқылы анықтай алған.
– Кәдірбек Дәулетқұлов туралы көптеген әскери ақпарат құпия. Өйткені ол Кеңес Армиясы қатарында шекарашы қызметін атқарған, – деп атап өтті Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігінің өкілі Әбубәкір Смайылов. – Оның 1920 жылы Жамбыл облысында туғаны, 1943 жылдың жазында Курск доғасындағы қанды шайқаста қаза тапқаны белгілі.
Қоғамдық бірлестік өкілдері анықтағандай, Кәдірбек Дәулетқұлов үйленбеген. Қаза тапқан жауынгердің Жамбыл облысында тұрған ағасының ұрпақтары табылды. Туған жері – Тұрар Рысқұлов ауданында жер қойнына тапсыру үшін сарбаздың сүйегі туыстарына тапсырылды. Сондай-ақ оның медальоны, каскасы, сапер күрегі және сарбаз кружкасы да ағайындарына берілді.
Жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі Жеңіс қалалық саябағында орналасқан «Даңқ» жауынгерлік залында жалғасты. Оңтүстік өңірдің әскери қызметшілері мен құрметті қарауыл ротасының сарбаздары соңғы құрмет көрсетті. Кәдірбек Дәулетқұловтың туыстары іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы алғысын жеткізді.
– Соғыс басталғанда Кәдірбек ағамыз небәрі 21 жаста екен. Ол, тіпті, шаңырақ көтеріп те үлгермепті, – деді жауынгердің немере қарындасы Оразкүл Дәулетқұлова. – Алайда біз ол кісі туралы үздіксіз ақпарат іздеген туыстарымыздан білетін едік. Енді, міне, 80 жылдан соң туысқанымыздың сүйегі туған Отанына оралып отыр. Біз іздестіру ұйымдарына, сондай-ақ ағамыздың сүйегін туған жеріне жеткізген әскери қызметшілерге ризамыз.
Atamnyn Amanaty қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бастап Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді жүйелі түрде іздеумен және жерлеумен айналысып келеді. Қоғамдық бірлестік осы уақытқа дейін Қорғаныс министрлігімен бірлесіп 19 сарбаздың сүйегін елімізге жеткізіп, қайта жерлеуді ұйымдастырды.