Қарулы Күштерде жарғылық емес қатынастардың алдын алу үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр
2023 жылы Қазақстан армиясында 164 құқық бұзушылық тіркелді. ҚР ҚК тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев ОКҚ брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Қарулы Күштерде ресми түрде 164 құқық бұзушылық жасалды. Бұл әкімшілік, сыбайлас жемқорлық және қылмыстық құқық бұзушылықтар. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылықтар 30%, қылмыстық құқық бұзушылықтар 10-15% төмендеді», - деді Тілеухан Басхожаев.
Қазақстанның Қарулы Күштерінде жарғылық емес қатынастардың алдын алу үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, әрбір әскерге шақырылушының моральдық-психологиялық дайындығы, «Өмірді сақта», «Армия ана көзімен», «Отбасымен бейнеқоңырау» сияқты бірқатар ведомствоаралық бағдарламалар және т.б.
«Күнделікті дене тексеруі (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер) жүргізіледі. Оны тәуелсіз әскери полиция органдары өткізеді. Бұл мәселеге әскери бөлім еш әсер ете алмайды. Бұдан басқа, сарбаздардың аналар комитетімен жұмыс бар. Олар қалаған уақытта кез келген әскери бөлімді аралап шыға алады. Комитет толыққанды жұмыс істейді. Бізді ешкім аямайды, ашықтық толықтай жүргізіледі», - деп түсіндірді тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы.
Сөз соңында ол әскери бөлімдер қазір 80% бейнебақылау камераларымен жабдықталғанын айтып өтті.
Наргиз Мукатаева