С.Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы: Ақкөл қаласында ескерткіш орнатылады

Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығын мерекелеу бойынша бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланған

Sarbaz.kz редакторы
16/01/2024 - 20:46

Фото: Azattyq Ruhy

Фото: Azattyq Ruhy

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Қазақстанның Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына арналған іс-шаралар туралы айтып берді. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

25 мамырда Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толады. 

Осы күнге орай батырдың туған жері Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы алаңға Қорғаныс министрлігі ескерткіш орнатады. Ақмола облысының әкімдігі алаңды абаттандырады. Еліміздің бас қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы көшеге ескерткіш дайындау және оны орнату жұмыстарын елорда әкімдігі ұйымдастырады.

– Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсанттардың өмірінен сыр шертетін «Әскери ант» телехикаясының түсірілімі аяқталды. Онда Отан алдындағы борыш, ар-намыс, жауапкершілік және сүйіспеншілік тақырыбы ашылады. Отандық телеарна экранында 2024 жылдың 7 мамырында оның тұсаукесері өтеді, – деді департамент бастығы. 

Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметі туралы деректі-өмірбаяндық фильмді республикалық телеарналарда көрсету жоспарланып отыр.

ҚР Қарулы Күштері ардагерлерінің баспа басылымдарына сұхбаттары, очерктері мен естеліктері жарияланып, телесюжеттер мен деректі фильмдер теледидардан көрсетіледі және әлеуметтік желілерге шығару үшін видеороликтер дайындалуда.

Қорғаныс министрлігі тақырыптық баннерлер, билбордтар жасау үшін логотип дайындап, жергілікті атқарушы органдарға жіберді. Одан басқа Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген пошта маркасы да шығарылады. 

Биыл маусым айында Алматыда Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған қатысуға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің, сондай-ақ Әзербайжан мен Өзбекстанның командалары шақырылды.

Қазақстанның он қаласында ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейі «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрмелер өткізеді. Іс-шаралар биылғы жылдың 17 қаңтарында Алматыдағы Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік музейінде басталады.

– 1924 жылы 19 қазанда туған Халық Қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығын мерекелеу бойынша бірқатар ауқымды іс-шаралар жоспарланған. Барлық гарнизондарда әскери қызметшілердің, Қарулы күштер ардагерлерінің, әскери-патриоттық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кездесулер, дөңгелек үстелдер, акциялар, челлендждер өтеді, – деді Тілеухан Басқожаев. 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91