Пневматикалық мылтықтан ату, гимнастикалық және күштік жаттығуларды орындау, 3, 5 және 10 шақырымға шаңғымен жарысып, бақ сынасты
Десанттық-шабуылдау әскерлерінде қысқы Президенттік көпсайыстан чемпионат аяқталды. Жарысқа 8 әскери бөлімнен 30-дан аса әскери қызметші қатысты. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілері пневматикалық мылтықтан ату, гимнастикалық және күштік жаттығуларды орындау, 3, 5 және 10 шақырымға шаңғымен жарысып, бақ сынасты.
Президенттік көпсайыстың қысқы кезеңіне жауынгерлік даярлықта десантшыларға қажетті дағдыларды дамытатын әскери-қолданбалы спорт түрлері енгізілді. Олар ату кезінде дәлдікті жақсартуға, ең жақсы моральдық-психологиялық қасиеттерді, төзімділік пен жеңіске деген ерік-жігерді дамытуға ықпал етеді.
Жеке біріншілікте Жетісу гарнизонының 18404 әскери бөлімінде қызмет ететін келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер Руслан Бекешов пен кіші сержант Елена Кульева жеңімпаз атанды.
– Кіші сержант Елена Кульева – талай жарыстың бірнеше дүркін жеңімпазы. Ол дене шынықтыруды үнемі жетілдіріп отырады, Президенттік көпсайыстың қысқы кезеңіне ғана емес, жазғы кезеңіне де қатысып, тамаша нәтижелер көрсетіп жүр, – деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшылығы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының офицері майор Марат Ағамбаев.
Әскери бөлімдер арасында орындар былайша бөлінді – бірінші орында Жетісу гарнизонының десанттық-шабуылдау бригадасының командасы, екінші орында Алматы құрамасының десантшылары болса, ал үшінші орын Қонаев гарнизонының әскери бөліміне бұйырды.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің біріншілігінде жеңіске жеткен әскери қызметшілер Қарулы күштердің чемпионатына қатысатын құрама командаға кіреді.