АҚШ-тың қорғаныс саласындағы компаниясы Италия үкіметін сотқа бермек

Бұғатталған мәміле құны 1,8 миллиард АҚШ доллары

Ануар Маратов
16/01/2024 - 17:38

Фото: Ұлыбритания әуе күштері

Фото: Ұлыбритания әуе күштері

АҚШ-тың қорғаныс саласындағы Raytheon Technologies (RTX) компаниясы Италия үкіметін сотқа беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Defence News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай жағдайға Италия үкіметінің Microtecnica компаниясын Францияның Safran фирмасына сатуды тоқтатуы себеп болып отыр.

RTX компаниясы Microtecnicа-ны Safran-ға сатуды жоспарлаған. Microtecnica – Eurofighter жойғыштарына арналған компоненттер шығаратын италиялық компания. Айта кетерлігі, Microtecnica қазір RTX-тың еншілес компаниясы – Collins Aerospace-ке тиесілі және өткен жылдың шілдесінде жарияланған 1,8 млрд долларлық мәміле аясында Safran-ға сатылуы керек болған.

Бірақ қараша айында Италия үкіметі Microtecnica-ның сатылымына тосқауыл қойды. Қазіргі геосаяси жағдайда мұндай мәмілелер жасау қолайсыз көрінеді, өйткені олар Италия әскерінің маңызды құрамдас бөліктерге қол жеткізуіне қауіп төндіруі мүмкін.

Бұл сатылымға тосқауыл қою үшін Италия үкіметі «Алтын күш» деп аталатын заңнаманы қолданды, бұл шетелдіктердің стратегиялық маңызы бар жергілікті фирмаларды сатып алуын тоқтатуға мүмкіндік береді.

Енді RTX пен Safran сотта бұл тосқауылға қарсы шығуға дайындалып жатыр, деп хабарлады RTX-тің жаһандық үкіметтермен байланыс бөлімінің басшысы Джефф Шоки.

«Біз және Safran апелляциялық шағым түсіреміз, бұл жаһандық мәмілені сақтау үшін қажет», — деді ол мәлімдемесінде.

Өткен жылдың шілдесінде Collins Aerospace компаниясы Safran Францияда, Ұлыбританияда және Италияда, сондай-ақ Азияда шамамен 3700 адам жұмыс істейтін сегіз кәсіпорынды сатып алатынын айтты. Бұл жерлерде сату көлемі 2024 жылы шамамен 1,5 миллиард доллар болады деп күтілген.

Италияның 2012 жылы енгізген «Алтын күш» ережесі әдетте Қытайдың стратегиялық компанияларды иемденуіне тосқауыл қою үшін қолданылады.

Defence News журналының Top 100 тізіміне сәйкес, RTX қорғанысқа байланысты табысы бойынша әлемдегі екінші ірі компания болып саналады. Safran тізімде 28-орынға жайғасқан.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91