Жарысқа Қазақстан, Америка, Индонезия, Австралия, Малайзия елдерінен барлығы 30 команда қатысты
Индонезияның Депок қаласында робототехникадан FIRST Tech Challenge халықаралық ашық ойындары өтіп, оған Семей қаласынан қатысқан Shanyraq командасы тасымалдаушы робот жинаудан үшінші орынды иеленді. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Shanyraq командасының құрамында «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының қатысушылары Олжас Самархан, Диляра Нұрмұхамбетова, Ерасыл Қанағатов, Темірлан Әбілхан, Радмир Жеңісбек бар. Балалар Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №5 көпсалалы гимназияда оқиды.
Команданы информатика пәнінің мұғалімі Айдос Тұрсынбеков басқарады. Жас робототехниктер 2023 жылдың желтоқсанында Ustem Robotics қоғамдық қоры ұйымдастырған Almaty Tech Cup республикалық турнирінде Индонезияға чемпионатқа жолдама алды. Қор директоры және қоса атқарушы Smart Sarbaz бағытының кураторы – Мырзахмет Асылбек.
Жарысқа Қазақстан, Америка, Индонезия, Австралия, Малайзия елдерінен барлығы 30 команда қатысты.
Айта кетелік, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі бес жыл бұрын құрылған болатын. Бүгінгі таңда елімізде бес мыңнан аса әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары және Smart Sarbaz үйірмелері жұмыс істейді. Жалпы қозғалыс қатарында 8 жастан 17 жасқа дейінгі 280 мыңға жуық қазақстандық оқушы бар.