Ресей елшісі айыптауды жоққа шығарды
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Мальта, Словения, Оңтүстік Корея, Жапония және Украина өкілдері Ресейді айыптады. Олар Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде Солтүстік Кореяның зымырандарын сатып алып, Украинаға шабуыл жасады деп наразылық білдірді. Бұл туралы АҚШ-тың БҰҰ миссиясының баспасөз қызметінің сайтында жарияланған мәлімдемеде айтылған, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
Бірлескен мәлімдеменің мәтінінде КХДР-дан Ресейге қару-жарақ экспорты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің көптеген қарарларын өрескел бұзатындығы көрсетілген.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі БҰҰ-ның басқа мүшесіне шабуыл жасап, Кеңестің қарарларын өрескел бұзғаны ақылға қонымсыз. Сол сияқты бұл әрекет жаппай қырып-жоятын қаруды таратпаудың жаһандық жүйесін бұзады», - деді АҚШ-тың БҰҰ-дағы Тұрақты өкілінің орынбасары Роберт Вуд.
БҰҰ-дағы Ресей елшісі Василий Небензя мұндай айыптауларға жауап ретінде бұл «жалған ақпарат» деп қысқа қайырды.
АҚШ-тың БҰҰ миссиясының баспасөз қызметі таратқан хабарламада Ресей Федерациясының КХДР зымырандарын қолданғаны туралы АҚШ-та нақты дәлелдер бар екені айтылған.
Ал Украинаның Бас барлау басқармасының өкілінің айтуынша Киевте әзірге Ресей Федерациясының КХДР өндірген баллистикалық зымырандарды қолданғаны туралы тікелей дәлелдер жоқ. Алайда, олар дәлелдемелер жинау үстінде.
Өз кезегінде Ақ үйдің Ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің үйлестірушісі Джон Кирби 6 қаңтар күні Ресей Солтүстік Кореядан алған бірнеше зымыранын Украинаға қарата ұшырды деп мәлімдеді. Ол қазіргі уақытта АҚШ Украинаға жасалған соққылардың салдарын тексеріп жатқанын айтты.
30 желтоқсан мен 2 қаңтарда Ресей соғыс басталғаннан бері Киевке, Харьковқа және Украинаның басқа қалаларына зымырандар мен дрондардың барлық түрін қолданып, жойқын шабуыл жасады. 40-тан астам адам қаза тапты. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, 29 желтоқсаннан бастап Ресей әскері Украинаға 300-ге жуық зымыран мен 200-ден астам дрон ұшырған.