Польша әскер санын екі есе арттыру туралы шешім қабылдады

Зеңбірекшілерді көбірек оқыту үшін ABRAMS академиясының үлгісі бойынша HIMARS академиясы құрылды

Нұрдәулет Кәкіш
28/07/2023 - 22:21

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Польша әскер санын екі есеге көбейту үшін бұрынғы әскери бөлімдерді қалпына келтіріп, жаңа бөлімдерді құру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Sarbaz.kz Польша Қорғаныс министрлігінің сайтына сілтеме жасап.

Польшаның Қорғаныс министрі Мариуш Блащак HIMARS академиясын құру және 1-зымыран бригадасын поляк әскеріне қайтару туралы шешімге қол қойды. Бұл шешімге сәйкес, Польшада Abrams академиясының үлгісі бойынша HIMARS академиясы құрылады. Сондай-ақ 18 жылда алғаш рет зымыран бригадасы поляк әскеріне қайтарылмақ.

«Бұдан былай біздің екі қалада, яғни Торун мен Огиште орналасқан зымыран әскери бригадасы бар. Зеңбірекшілерді көбірек оқыту үшін ABRAMS академиясының үлгісі бойынша HIMARS академиясын құрдық», - деді Польша Қорғаныс министрі.

HIMARS академиясы Польшада зеңбірекшілерді көптеп даярлау қажеттілігіне байланысты құрылып отыр. Академия шеңберінде Польша АҚШ-пен бірлесіп, экипаждарды америкалық реактивті артиллериялық жүйе негізінде оқытпақ. Бұл жұмыс логистика мен техникалық қызмет көрсету бағыты бойынша жүргізілмек.

Блащак HIMARS академиясы НАТО одақтастарымен, атап айтқанда, Балтық жағалауы елдерімен ынтымақтастық орнататынын атап өтті. Мұның себебін ол Эстония, Латвия және Литва HIMARS қондырғыларын АҚШ-қа тапсырыс бергендігімен түсіндірді.

«Польшаның HIMARS жүйесін сатып алуы поляк қорғанысын модернизациялау және НАТО-ның ұжымдық қауіпсіздігін нығайту жолындағы тағы бір маңызды кезең болып саналады. HIMARS академиясының құрылуы Польшаның АҚШ-пен және одақтастармен жедел үйлесімділік әлеуетін нығайтады. Мұндай инвестициялар – Польшадағы америкалық әскерилермен бірге НАТО-ның шығыс жағы қауіпсіз аймақ екенінің айқын белгісі. Қазіргі уақытта Польшаның айналасы қауіпсіз екенін толық айта аламын», - деді АҚШ-тың Польшадағы елшісінің орынбасары Дэниел Лоутон.

Сонымен қатар Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецкий Ресейдің тактикалық ядролық қаруын Беларусь аумағында орналастыруына жауап ретінде АҚШ пен НАТО-дан ел аумағында ядролық қару орналастыруды сұрады.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91