ҰОС ардагерін құттықтау іс-шарасы өтті
Алматыда әскери қызметшілер соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оныншы қаңтарда Ұлы Отан соғысының ардагері Федор Прохорович Блинов 100 жасқа толды.
Ғасыр жасаған майдангерді құттықтауға Әуезов ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары келді. Қартайса да Федор Прохорович әлі тың, сөз арасында сұрапыл соғыс жылдарын еске алып, біраз әңгіме тарқатты.
– Қорғаныста тұрып, біз өліспей, беріспедік. Бейбітшілікті сақтау келешек ұрпағымыз үшін маңызды еді. Жеңіс оңай келген жоқ, – деп соғыс жылдарын көзіне жас ала еске алды ардагер. Аға сержант Федор Блинов Беларусь, Украина, Польша және Чехословакияны азат ету шайқастарына қатысты. Көптен күткен жеңісті ол Германияда қарсы алды.
– Ұлы Отан соғысының ардагерімен кездесу өте қызықты болды. Қарияның өмір жолы – бізге үлгі-өнеге. Ардагерлеріміздің табандылығын, төзімділігі мен ерлік жолдарын әрқашан есте сақтап, мақтан тұтамыз, – деп атап өтті әскери институттың 4 курс курсанты Сапарбай Темірлан.
Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Федор Блинов I және II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа да медальдармен марапатталды.
Әскери қызметшілер ардагерге зор денсаулық, ұзақ өмір және амандық тіледі, ал курсанттар мерейтой иесіне арнап өлеңдер оқыды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Федор Прохоровичке алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді.