«Біз Ресейге емес, ҰҚШҰ-ға жүгіндік»: Тоқаев шетелдік әскерилердің Қазақстанға келгені туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚШҰ әскерилерінің қандай міндет атқарғанын айтты

Ануар Маратов
03/01/2024 - 16:47

Фото: dw.com/ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстаннан өз елдеріне аттанып бара жатқан сәті

Фото: dw.com/ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстаннан өз елдеріне аттанып бара жатқан сәті

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға Ресейдің әске­ри қызметшілерін шақыру қанша­лықты дұрыс шешім болды? Біздің мем­лекетті сол кезде Ресей құт­қарып қалды деген пікір көрші елде жиі айтылады. Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Қасым-Жомарт Тоқаев осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік», - деді Мемлекет басшысы.

Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения болғанын айтқан Президент биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық ететінін тілге тиек етті.

«Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол ҰҚШҰ әскерлерінің қандай міндет атқарғанын атап өтті.

«ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды», - деді Президент.

 

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91