ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бас басылымына сұхбат берді
2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық етеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі Egemen Qazaqstan-ға сілтеме жасап.
—Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болатынын атап өтті.
—Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізетінін айтты.
— Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа, – деді Мемлекет басшысы.