Жапониядағы жер сілкінісінен қаза болғандар саны 30-ға жетті

Бұл жер сілкінісі Ното түбегі аймағы үшін 1885 жылдан бері ең күштісі болды

Админ
02/01/2024 - 18:37

AP Photo / Hiro Komae

AP Photo / Hiro Komae

Жапонияның Исикава префектурасындағы жер сілкінісі құрбандарының саны 30-ға дейін өсті, деп хабарлайды Sarbaz.kz NHK телеарнасына сілтеме жасай отырып. 

Ең көп құрбан болғандар 15 адам Ваджима қаласында болды. Бұған дейін 24 адам қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.

Зардап шеккендердің саны одан да көп болуы ықтимал. Себебі адамдар қираған ғимараттар үйінділерінің астында болуы мүмкін.

Жаңа жылдың алғашқы күні Жапонияның батысында бірқатар ірі жер сілкінісі болды. Оларға «Ното түбегіндегі жер сілкінісі» деген атау берілді. Жалпы алғанда 2 сағат ішінде Исикава мен Ниигата префектураларында 30-ға жуық жер сілкінісі тіркелді, ең қуаттысының магнитудасы 7,6 болды.

Дүмпу Осака, Киото және Токиода қалаларында қатты сезілді. Жапонияның негізгі метеорологиялық агенттігінің мәліметі бойынша, бұл жер сілкінісі 1885 жылдан бері Ното түбегі аймағы үшін ең күшті болды.

Күні бойы аймақта 87 рет дүмпу тіркелді. Сейсмологтардың болжауынша, афтершоктар шамамен бір аптаға дейін созылуы мүмкін.

Жапонияның бүкіл батыс жағалауындағы жер сілкінісінен кейін цунами қаупі де жарияланған еді. 

Жер асты дүмпулері ғимараттардың қирауына және жүрдек пойыздардың тоқтауына әкелді, 32 мыңнан астам үй электр қуатынсыз қалды. Кейбір аймақтарда сумен жабдықтау мен байланыстың үзілуі байқалады. Жол төсемінің зақымдануы тіркелді. АЭС жұмысында іркілістер анықталған жоқ.

×

Редакция

$ 475.18  510.72  5.47