2024 жылдан бастап Ресейде әскерге шақырудың жас шекарасы кеңейе түсті
1 қаңтардан бастап Ресейде әскерге шақыру жасының жоғарғы шекарасы 30 жасқа дейін көтеріледі, ал төменгі шегі 18 жас болып қалады, деп хабарлайды Sarbaz.kz rbc.ru сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, 2023 жылдың тамызында Ресей президенті Владимир Путин әскерге шақырудың шекті жасын 27 жастан 30 жасқа дейін өзгерту туралы Заңға қол қойған еді. Төменгі шекараны 18 жас мөлшерінде қалдыру бойынша Мемлекеттік Думада көп пікірталас болып, ақыры оны өзгертпеу туралы шешім қабылданды.
2023 жылдың шілде айының соңында Мемлекеттік Думаның Қорғаныс комитетінің басшысы Андрей Картаполов төменгі шекараны 21 жасқа дейін көтеру туралы шешім қабылданбайды деп мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, азаматтарға әскерге 18 жастан бару әлдеқайда оңай.
Осыған қоса Путин шақыру қағазын алғаннан кейін азаматтың шетелге шығуына тыйым салу туралы Заңға да қол қойды. Енді әскери комиссариат шақыру қағазы жіберілетін күні әскерге шақырылушыға шекараны жабу туралы шешім шығарады.