«Нағыз геосаяси бомба»: Саясаттанушы Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы

2024 жылы Палестина жағдайы қандай болуы мүмкін?

Ануар Маратов
30/12/2023 - 00:41

Фото: ВВС

Фото: ВВС

2024 жылдың 7 қаңтарында Газа секторындағы соғыстың басталуына үш ай болады. Sarbaz.kz тілішісі халықаралық қатынастар сарапшысы, саясаттанушы Ілияс Бақтығалиевтен Таяу Шығыстағы жағдайдың келер жылы қалай болуы мүмкін екенін сұрады.

«Болып жатқан оқиғаларға қарағанда, Газа секторындағы қақтығыс әлі де қызу жүріп жатыр. Израиль Газа секторында ХАМАС-ты толығымен жоюды мақсат етіп отыр. Жеңілдіктер жасамақ емес. ХАМАС өз кезегінде жақында Египеттің бейбіт жоспарынан бас тартты. Әзірге барлық белгілер қақтығыс аяқталуға жақын емес екенін көрсетеді», - деді сарапшы.

Сонымен қатар ол араб елдерінің Палестинаны қолдамауы, БҰҰ-ның сәтсіз жоспары туралы айтып өтті.

«БҰҰ-ның бітімгершілік бастамалары жағдайды реттеуге әсер еткен жоқ. АҚШ Израильді белсенді түрде қолдайды. Дегенмен Байден әкімшілігі мен Израиль билігі арасында кейбір мәселелер бойынша келіспеушіліктер бар. Сонымен қатар тәжірибе көрсеткендей, «Ислам әлемі» мемлекеттері Палестинаға айтарлықтай қолдау көрсеткен жоқ. Алайда жағдай өзгеруі мүмкін. Иранның соғысқа кірісуге ықтималдылығы бар. Жақында Иран Израильді өзінің жоғары дәрежелі генералы Реза Мусавиді өлтірді деп айыптады», - деді саясаттанушы.  

Бұған дейін Al Mayadeen телеарнасы Израиль режимі бұл қылмысы үшін міндетті түрде жауап беретінін хабарлаған болатын.

«Бұл бірнеше жыл бұрын Сүлеймани жағдайында болған сияқты қауіп-қатер болып қалуы әбден мүмкін. Алайда эскалация нұсқасын жоққа шығаруға болмайды. Таяу Шығыс қазіргі уақытта көптеген қақтығыстар мен жетекші ойыншылардың мүдделері тоғысқан нағыз геосаяси бомбасы болып саналады», - деді Ілияс Бақтығалиев.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91