Таяу Шығыстағы Голан биіктерінің көп бөлігі Израильдің, ал шығыс бөлігі Сирияның бақылауында
Қазақстан 2024 жылы наурызда Заң жобасын ел парламенті мақұлдаған кезде Голан биіктері ауданына 139 бітімгерді жібереді, деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Дайындық өткен жылдың көктемінде басталды. Сәуірден қазанға дейін ең қарқынды кезеңі болды. Дайындық БҰҰ стандарттары бойынша жүзеге асырылуда. Ендігі негізгі мәселе – Парламенттің осы контингентті бағыттау туралы шешімді мақұлдауы. Миссияны орындау мерзімі – 2024 жылдың 15 наурызы», - деді генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов.
Бітімгершілік контингент ротация бойынша қызмет етеді. Жыл сайын әскери қызметшілер өзгереді. Бір жыл қызмет еткендер үйлеріне қайтады, ал олардың орнына дайындалған бітімгерлердің жаңа тобы аттанады.
«Біздің бітімгерлердің міндеттері – БҰҰ-ның тиісті қарары талаптарының орындалуын қадағалау. Әскери іс-қимылдар жоқ. Бітімгершілер патрульдеу және бақылаумен айналысады», - деп түсіндірді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Голан биіктері – Таяу Шығыстағы даулы аймақ. Қазіргі уақытта оның көп бөлігін Израиль басып алса, шығыс бөлігі Сирияның бақылауында. Израиль өзінің бақылауындағы территорияларды 1981 жылы қосып алды. Аннексияны халықаралық қоғамдастықтың көпшілігі мойындамады.