Иран президенті Израиль режимі «КСИР» кеңесшісін өлтіргені үшін міндетті түрде жауап беретінін айтты
Иран билігі Израильдің Сирия астанасы Дамаскіге жасаған әуе шабуылында Иран Ислам революциясының Сақшылар корпусының (КСИР) жоғары дәрежелі қызметкері, генерал Саид Реза Мусави өлтірілді деп мәлімдеді. Бұл туралы Sarbaz.kz тілшісі Tasnim-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Иранның ақпарат агенттігі Мусавидің Ислам революциясының сақшылар корпусының тәжірибелі әскери кеңесшісі болғанын хабарлады.
Дүйсенбіде жоғары дәрежелі әскери Дамаск маңындағы Саида Зейнаб ауданына әуе шабуылынан қаза тапты. Иран генералы орналасқан ғимаратқа үш зымыран тиген.
КСИР Мусавидің өлімін растады. Ол 2020 жылдың қаңтарында Бағдад әуежайының маңында американдық дронның соққысынан қаза тапқан «Кудс» күштерінің бұрынғы басшысы Касем Сүлейманидің серіктесі екенін айтты.
Мусави Сириядағы КСИР-дің ең жоғары дәрежелі өкілдерінің бірі болды. Сонымен қатар Тегеран мен Дамаск арасындағы ынтымақтастықты үйлестіруге көмектесті.
«Мусави аймақтағы Иран одақтастарына қару-жарақ жеткізу жөніндегі күш-жігеріне белсенді қатысты», деп хабарлады The Times of Israel.
Израиль билігі Мусавидің өлімі туралы хабарламаларға түсініктеме бермеді.
Израиль әскери күштері көптеген жылдар бойы Сириядағы Иранмен байланысты нысандарға соққы бергені белгілі. Ал соңғы айларда Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс басталғаннан кейін мұндай шабуылдар жиілеген.
Иран әскері Сирияда 2011 жылы азаматтық соғыс басталғаннан бері Сирия президенті Башар Асадқа қолдау көрсетіп келеді.
Мусавидің өліміне байланысты көңіл айтқан Иран президенті Эбрагим Раиси:
«Израиль режимі «КСИР» кеңесшісін өлтіргені үшін міндетті түрде жауап береді», - деп мәлімдеді.