Ресейдің қару-жарақ өндірісінде батыс елдерінен озып кеткені рас па?

Ресей Федерациясы үкімет басшысының орынбасары Денис Мантуров 2023 жылы мемлекеттік тапсырыстың нақты көлемі екі есеге артқанын мәлімдеді

Ануар Маратов
25/12/2023 - 21:33

РФ Үкімет басшысының орынбасары, Әскери-өнеркәсіптік кешенді қадағалайтын өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров Ресей қару-жарақ өндірісінде батыс елдерінен озып кетті деп мәлімдеді. Бұл туралы ол РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Мен мақтанғым келмейді, бірақ біз батыс елдеріне қарағанда өндіріс қарқынын арттыра бастадық деп айта аламын», - деді ол.

Мантуров сонымен қатар 2023 жылы мемлекеттік тапсырыстың нақты көлемі екі есеге, ал «бірқатар позициялар бойынша» өндіріс және жеткізу көлемі 10-12 есеге өскенін атап өтті. Министр жеткізілім мен қаржыландырудың нақты тізімі туралы айтудан бас тартты.

«Маған сеніңіз, сандар өте көп», - деді ол нақты жауаптан жалтарып.

Мантуровтың сұхбаты АҚШ пен Еуропада Киевке әскери көмек көрсетуде мәселелер туындап жатқан кезде жарияланды.

Бір апта бұрын украиналық «Таврия» әскерлерінің жедел-стратегиялық тобының қолбасшысы Александр Тарнавский Reuters агенттігіне украин әскерлері майданда артиллериялық снарядтардың тапшылығына тап болғанын және шетелдік көмектің болмауына байланысты кейбір әскери операцияны тоқтатқанын айтты.

«Ресей әскери күштері де оқ-дәрілерге қатысты мәселелерге тап болды», - деп қосты Тарнавский.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91