«Ерлік, міндет, абырой – әр жауынгерге артылған сынақ. Сынақты көтеру – әр сарбаздың, ер жігіттің борышы»
Sarbaz.kz «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінің 2 оқу взводының атқыш сарбазы, қатардағы жауынгер Амангелдиев Шерхан Алмасұлының әскер сапындағы шығармасын оқырман назарына ұсынады.
«Сәлем, анашым! Қалың қалай?» деп басталатын ағамның әскерде жүріп жазған хаттарын оқыған кезде менің де бала көңілімде «әскерге барамын, сарбаз боламын» деген қиялым орын алған. Дала баласы, ойын баласы болып көшеде асық атудың, доп тебудің орнына «мен сарбазбын, мен шекарашы, мен Отан қорғаушымын» деп бәрінен бөлініп, өзім туып-өскен аймақтың қырына адымдап қадам басып, қырдағы дөңге шығып, ауылыма мұнарада тұрған сарбаздай көзімді алмай тіршілігін күзеткенмін.
Жылдар жылжыды, уақыт зырғыды, бәрі өзгерді. Бірақ бала көңілдегі қиял арманға, арман мақсатқа айналды. Тау мінезді тау баласы арман мақсатынан бас тартсын ба? Сайдың серке тасындай қатар тізіліп, шеру тартқан көркіне елі сүйсінген әскер қатарында болу бақыты бұйырып, 6679 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы болдым. Сарбаз боламын деген қиялым орындалды.
Ерлік, міндет, абырой – әр жауынгерге артылған сынақ. Сынақты көтеру – әр сарбаздың, ер жігіттің борышы. Тарих – қаншама қаһармандар мен батырлардың жанкешті ерліктерінің куәгері. Бауыржан, Талғат, Рахымжан аталарымыздың ерліктері – ұрпаққа үлгі, маған өнеге. Қазіргі бейбіт заманда олардың ерліктерін қайталай алмасам да, сарбаздың жауынгерлік өмірімде өзіне артылған міндетті абыроймен өтеуге Ант етемін!
Азуын айға білеп, айдарынан жел ескен жарты әлемді ат дүбірімен тітір еткен бабаларымыздың маңдай тері, қанымен келген бұл тер – біздің аманатымыз. Сол аманатқа қиянат жасамай, көз қарашығындай сақтау – біздің борышымыз!