Армия спортшылары үшін ФИФА мен УЕФА стандарттарына сай келетін футбол алаңы ашылды

Бұл халықаралық деңгейдегі матчтық кездесулер өткізуге мүмкіндік береді

Sarbaz.kz редакторы
22/12/2023 - 22:35

Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубында армия спортшыларының даңқ мұражайы ашылды, сонымен қатар бірқатар қалпына келтірілген және жөнделген нысандар пайдалануға берілді. Бұл туралы Sarbaz.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың салтанатты ашылуына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, қазақстандық футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов, футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев және Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов қатысты. 

Жаңа жыл қарсаңында футбол алаңы, спорт залдары пайдалануға берілді, казармалық үй-жайлар мен оқу-жаттығу орталығының асханасы жөнделді.

Генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов Орталық спорт клубының инфрақұрылым нысандарын қайта жаңғырту жобасына қатысқандардың бәріне алғыс айтты.

Қайта жаңғырған футбол алаңы ФИФА мен УЕФА стандарттарына толық сай келеді және мұнда халықаралық деңгейдегі матчтық кездесулер өткізуге мүмкіндік береді.

Жөнделген спорт залдарының бірі күрес түрлерінен жаттығу жүргізуге арнайы жабдықталған. Жастар арасында спортты насихаттау және мықты спортшыны еске алу мақсатында зал Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімімен аталады. 

Орталық спорт клубының спортшыларына арналған даңқ мұражайының ашылуы маңызды оқиға болды. Стеллаждарда әлем чемпионаттары мен ірі халықаралық турнирлерді жеңіп алған қазақстандық спортшылардың кубоктары, медальдары, фотосуреттері және өзге де жәдігерлер қойылған. 

Экспонаттар арасында алтын медаль, жауынгерлік қолғап және Қазақстанның танымал былғары қолғап шебері Серік Сәпиевтің белдеуі, кимоно және дзюдодан Әлем Кубогының Гран-при чемпионы Гусман Қырғызбаевтың белбеуі, бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың қола медалі бар. 

Айта кету керек, Қазақстан футбол федерациясы мен Орталық спорт клубы отандық армия спортын қолдау мен дамытуға бар күш салуда. Әскери қызметшілер мен жетім балаларға арналған футбол академиясын құру да жоспарда бар. Бұл ретте ОСК оқу-жаттығу орталығында аталған балаларға және ерекше қажеттіліктері бар жандарға тегін спорт секциялары ұйымдастырылмақ.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91