2022 жылы арнайы әскери техникаларды басқаруға даярлайтын заманауи оқу-материалдық база ашылған
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлім жауынгерлері әскери құрылымдарға тиесілі техникаларды және «D1» санатындағы көлік құралдарын жүргізу куәлігіне қол жеткізді. Бұл туралы Sarbaz.kz ҚР Ұлттық ұланы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әскери қызметшілерді арнайы санаттағы көлік құралдарын жүргізуге даярлау – Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің Дағдарысқа қарсы орталығында іске асады. Мұнда ұландықтар отыз күн бойы теориялық білім алса, келесі айда тәжірибелік сабақтарға қатысты. Көлік жүргізуде өрістерін кеңейтіп, біліктіліктерін жетілдірген жауынгерлерге тиісті құжатты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары полковник Азамат Ғабдуллин табыстады.
«Мен бұған дейін В және С санатына жататын көліктерді ғана басқара алатынмын. Енді, міне, әскери құрылымдарға тиесілі 16 адамға арналған арнайы әскери техникаларды жүргізбекпін. Алдағы уақытта D санатындағы көліктерді де тізгіндейтін жоспарым бар. Әскери салада жүріп, көлік жүргізу қабілетімді арттырғаныма қуаныштымын», - дейді 3514 әскери бөлімінің аға маманы – аға жүргізуші, қатардағы Біржан Солтанғазин.
Ұландықтарды арнайы санаттағы көлік құралдарын басқаруға даярлау Ішкі істер министрлігінің «механикалық көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау қағидаларын бекіту» туралы №862 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асуда.
Еске салайық, 2022 жылы алғаш рет қолбасшылық қабырғасынан арнайы әскери техникаларды басқаруға даярлайтын заманауи оқу-материалдық база ашылған болатын.