Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуропа елдерінің басын қосып, НАТО-ны жандандырды
Украинаның Қарулы күштеріне Ресеймен соғыста жеңіске жету қиындап барады, ал қолдау көрсетуге уәде берген батыс елдері уәделерін тиісінше орындамай тұр, деп жазады Bloomberg.
Екі жылға жуық уақыт бұрын Ресейдің Украинаға басып кіруі Еуропа елдерін біріктіріп, «Трансатлантикалық Альянсты» (НАТО) жандандырды. Аталмыш басылымның жазуынша енді қолдау көрсетуі тиіс елдер уәделерін толыққанды орындамай отыр.
«Президент Джо Байден әкімшілігі мен Еуропалық Одақ Украинаның әскери және бюджетіне көмек көрсетуге тырысуда. Дегенмен кейбір жақтастары оның майдандағы болашағына күмән келтіріп, соғысты тоқтату туралы келіссөздер жүргізуге шақырады.
Әскери күш-жігерден бас тарту қазір Батыстың сеніміне нұқсан келтіреді және ақырында Украинаның болашағына қауіп төндіреді», - делінген мақалада.
Мақала авторлары биыл Украина әскері шетелдегі көшбасшылар күткендей үлкен жетістікке жете алмағанын атап өтті. Сонымен бірге Ресейдің қорғаныс қабілеті мен үлкен шығындарға дайын болуын ешкім күткен жоқ деп жазады.
«Соғыстың қашан және қалай аяқталатынын болжау мүмкін емес. Бірақ жеңіліс үлкен стратегиялық шығындарға әкеледі, жаһандық азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді және Путинді алға жылжуға деген шабытын арттырады. Келесі жылы Украина мен оның серіктестері тап болатын қиындықтар қорқынышты болғанмен, сәтсіздікке жол беруге болмайды», - деп қорытындылады басылым.