Ұлттық қорғаныс университетінде жыл сайын 20-дан астам біліктілікті арттыру курстары қарастырылған
Армия үшін білікті кадрларды даярлау мемлекеттің басым міндеті болып саналады. Осыған байланысты қорғаныс ведомствосы бірқатар оқыту бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарын өткізіп жатыр, оның ішінде шет мемлекеттерде де дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Қорғаныс министрлігі елімізде де, шетелде де әскери оқу орындары мен білім беру ұйымдарында әскери кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырады. Сонымен қатар, жыл сайын Ұлттық қорғаныс университетінде 20-дан астам біліктілікті арттыру курстары қарастырылған. Сондай-ақ, бүкіл оқу процесі Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындық жоспарымен бірге жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.
Әскери кадрларды шетелде оқыту қажеттілігі Қарулы Күштердің қажеттіліктеріне байланысты. Ол негізінен Қазақстанда оқытылмайтын мамандықтар бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, шетелдік жоғары оқу орындарында радиоэлектрондық және радиотехникалық барлау, геоақпараттық жүйелер, инженерлік қызмет, ұшу аппараттарын басқару жүйелері, сондай-ақ Әскери-теңіз мамандықтары бойынша мамандар даярлықтан өтеді.
Әскери кадрларды даярлаудың негізгі шетелдік бағыттарын Түркия, Ресей, Литва, Беларусь, Қытай, АҚШ және Ұлыбритания елдеріндегі оқу орындары мен оқу орталықтары қамтиды.
Әскери кадрларды даярлау деңгейін арттырудың маңызды бөлігі олардың шетелдік оқу орындарында біліктілікті арттыру курстарынан өтуі болып саналады. Бұл кешенді шара армияны жоғары білікті мамандармен арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, шетелдік оқу орындарында әскери кадрларды даярлау жөніндегі барлық рәсім қол қойылған келісімшарттар мен уағдаластықтар негізінде жүзеге асырылатынын атап өтеміз.
Айта кетейік, әскери бағыттағы жоғары білікті мамандарды даярлау 9 әскери оқу орны кіретін отандық әскери білім беру жүйесі аясында жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда педагогикалық, ғылыми-зерттеу және өнертапқыштық корпус 10 ғылым докторынан, 53 философия докторынан (PhD) және 48 ғылым кандидатынан тұрады. Әскери ғалымдардың арсеналында өнертабыстар мен пайдалы техникалық модельдерге 7 патент, авторлық құқық және зияткерлік меншік туралы 23 куәлік бар.