Әжесі дүкенге азық-түлік сатып алуға шығып кетіпті
Павлодарда өрт шыққан пәтерден сегіз жасар бала құтқарылды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Тілсіз жау 10 шаршы метр алаңда үй заттары мен жиһаздарды қамтыды.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 желтоқсан күні сағат 15:28-де 112 пультіне пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
«Ермак көшесіндегі үш қабатты үйдің үшінші қабатында екі бөлмелі пәтер жанды. ТЖ орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары мен медициналық апаттар орталығының қызметкерлері дереу жолға шықты», – деп хабарлады департаменттен.
Пәтерде 2015 жылы туған бала болған, әжесі сол кезде дүкенге азық-түлік сатып алуға шығып кеткен. Газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары автосаты орнатып, балкон арқылы баланы құтқарды.
Апаттық медицина орталығының қызметкерлері баланы тексеріп шыққаннан кейін «жеңіл жану заттарымен улану» диагнозы қойылды. Ауруханаға жатқызудың қажеті болмады.
Өртті сөндіруге алты техника мен 21 қызметкер жұмылдырылды. Өрт сағат 15:58-де сөндірілді.