Павлодар облысында суға батып бара жатқан баланы Қарулы Күштердің офицері құтқарып қалды

Оқиға Ертіс өзенінде болған

Sarbaz.kz редакторы
26/07/2023 - 16:07

Ақсуда Қарулы күштердің әскери қызметшісі суға батып бара жатқан баланы құтқарды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Оқиға биыл 21 шілдеде Ертіс өзенінде болған. Алматы облысы Кеген және Райымбек аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімі жинау бөлімшесінің бастығы майор Әділжан Слямов осы сәтте оқиға орнында болған.

Кезекті демалыста жүрген офицер Павлодар облысына анасы мен ағасын көруге келген.

«Отбасыммен табиғат аясында демалуға келгенбіз. Шатырды құрып, орналасып, түскі асқа дайындала бастаған едік. Бір кезде қыз баланың «мама» деген айқайын естідім, бұрылып қарағанымда, оның тек қолын ғана көрдім», – деді офицер.

Әскери қызметші ойланбастан, ағысы қатты өзенге секіре кеткен. Баланы жағаға шығарғаннан кейін оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

«Бастысы қыздың амандығы. Оқиға басқаша өрбуі мүмкін екенін жақсы түсіндім. Сәтін салып, оны құтқара алдым», – деді Әділжан Слямов.

Жеті жасар Айнараның анасы Құралай Иданова құтқарушыға шын жүректен алғысын білдірді.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91