«Жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымдарын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруы керек»
«Бұл мерекенің құндылығы жоғары». «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Дәулет Аманбаев ел тәуелсіздігі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Тәуелсiздiктiң тұғырына қонуы – бiздiң ата-бабаларымыз армандаған сан ғасырлық азаттық салған сүрлеудің даңғыл жолы іспеттес. Алағай да бұлағай қилы-қилы заманда баз кешіп, қаншама арпалысты бастан кешкен біздің жұрт ел болып қалыптасуды әманнан мақсат тұтты. Сол жолда жұдырықтай жұмылған жер қайысқан қол ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен ел үшін егеске түсті. Өйткені олардың бойын кернеген Отанға деген ыстық махаббатпен астасқан жауынгерлік рух еді.
Менің де мерзімді әскери қызметімді өткеру барысында – жауынгерлік рухымның асқақ болғаны, асылы абзал. Ал қайтпас қайсар рух бабалар ерлігін санаңның түйсігімен түсіне білгенде ғана бойыңа қонады. Елі үшін еміренген ер қадірін бағалайтын мен үшін бұл мерекенің құндылығы жоғары. Сондықтан Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты нәубетке толы болса, азат жердің ауасымен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені ақиқат.
Менің ойымша, жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымдарын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруы керек. Өйткені Тәуелсіздік бізге бәрінен де қымбат», - деді Дәулет Аманбаев.