Алматыдағы әскери емханада науқастарды емдеу үшін қандай жағдай жасалған

Емхана мамандары өздерінің кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отырады

Sarbaz.kz редакторы
15/12/2023 - 20:59

Фото: Қорғаныс министрлігі

Фото: Қорғаныс министрлігі

Алматы қаласының орталығындағы әскери емхананың филиалында әскери қызметшілерге, олардың отбасы мүшелеріне, курсанттар мен әскери зейнеткерлерге амбулаториялық-емханалық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Емдеу-профилактикалық мекемеде медициналық куәландыру бөлімі, хирургиялық, терапевтік, диагностикалық, стоматологиялық, физиотерапиялық бөлімшелер, күндізгі стационар және дәріхана бар.

Әскери емхана штатында травматолог, кардиолог, эндокринолог, отоларинголог, офтальмолог, невропатолог, уролог, дерматолог, функционалдық диагностика, жалпы практика дәрігерлері, әскери-дәрігерлік комиссия, терапевттер, хирургтар және стоматологтар жұмыс істейді.

– Біздің емхана науқастарды амбулаториялық тексеру мен емдеуді жүргізеді. Стационарлық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу мекемелеріне жібереді. Ал госпитальден кейінгі кезеңде әскери қызметшілерді қалпына келтіру емін жүзеге асырады. Емхананың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті бізге диагностика тұрғысынан да, емдеу тұрғысынан да көрсетілетін қызметтер тізбесін ұлғайтуға мүмкіндік берді, – деп нақтылады Алматы қаласы ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери емханасының бастығы медициналық қызмет полковнигі Қайрат Сейтімов.

Емханада сондай-ақ әскери қызметке, әскери оқу орындарына түсу үшін, аса жоғары жиілікті электромагниттік сәулелену және басқа да қолайсыз факторлар жағдайында жұмысқа жарамдылығына медициналық куәландыру жүргізіледі.

Емхана мамандары өздерінің кәсіби деңгейін ұдайы көтеріп отырады. Көмекке жүгінген пациенттерге сапалы медициналық жәрдем көрсетіп, олардың қызметке оралуы үшін бәрін жасайды.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91