Бұл қару түрі нысаналарды 2 мың метрге дейінгі қашықтан жоя алады
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми жауабында атыс қаруының қай түрі өз елімізде өндірілетінін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
«Бүгінгі таңда отандық кәсіпорын саналатын «Батыс Қазақстан машинақұрастыру компаниясы» АҚ жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорын ірі калибрлі «Утес» пулеметінің бас әзірлеушісі болып есептеледі. Қарудың бұл түрін Қарулы Күштердің мүддесіне де, Қазақстан Республикасының өзге жауынгерлік құрылымдарының мүддесіне де шығарады. Экспорттап та отыр», - делінген редакция сауалына жолданған жауапта.
Министрлік мәліметінше, аталмыш өндірістің жергілікті үлесі – 95%. Қару жермен жүретін, теңізде жүзетін және әуеде төмен ұшатын, жеңіл құрсауланған нысаналарды 2 мың метрге дейінгі қашықтан жоя алады.
Министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында ұлттық заңнама бұдан өзге мәліметтерді жария етуге рұқсат бермейтіні айтылған.