ҚР СІМ Румынияға ресми сапармен барды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бухарестке ресми сапары аясында Румыния Премьер-министрі Марчел Чолакумен және Парламент Сенатының Төрағасы Николае Чукемен келіссөздер өткізді. Бұл туралы Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Румыния Үкімет басшысымен келіссөздер барысында экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және екіжақты тауар айналымының көлемін ұлғайту және әртараптандыру үшін қолда бар барлық әлеуетті пайдалану жолдары қарастырылды.
ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы бүгінгі келіссөздер қазақ-румын өзара іс-қимылын дамытудың жаңа кезеңін ашатынына сенім білдірді.
«Соңғы үш онжылдықта Қазақстан мен Румыния саяси диалог пен жемісті экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізді. Кешенді күн тәртібін ілгерілетудің салмақты заңнамалық базасы мен тиімді екіжақты тетіктері құрылды», – деп мәлімдеді М. Нұртілеу.
Өз кезегінде М.Чолаку көп қырлы екіжақты кооперацияны тереңдетуге деген көзқарасын растады.
«Біз Еуропалық одақтың стратегиялық серіктесі – Қазақстанмен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз және энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты басым салаларда үйлестіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауды ұсынамыз», – деп атап өтті Премьер-министр.
Тараптар бірлескен үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің әлеуетін белсенді пайдалануға, сондай-ақ бейінді министрліктер басшыларының сапарларымен алмасуға уағдаласты.
Сол күні министр М.Нұртілеу Парламент Сенатының Төрағасы Н.Чукемен кездесті.
Тараптар парламентаралық және саяси диалогтың даму динамикасын жоғары бағалады, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Достық топтарының қызметін жандандыру арқылы екі елдің парламенттері арасындағы байланысты нығайту және екі елдің заң шығарушылары арасында сапарлар алмасуды ұйымдастыру уағдаластығына қол жеткізілді.