Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылады – Тоқаев

Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті

Sarbaz.kz редакторы
12/12/2023 - 17:23

Фото: Ақорда

Фото: Ақорда

Бұл туралы «Алтын Сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

«Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады. Кейбір өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кетуі бүкіл еліміздегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту аса қажет екенін айқын көрсетті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл мәселе ондаған жыл бойы назардан тыс қалып, шешімін таппай келеді.

«Мемлекет қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеуде, жаңа нысандарды іске қосуда, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңартуда жүйелі жұмыстарға кірісті. Атап айтқанда, биыл еліміздің батысында электр желілерінің өткізу мүмкіндігін екі еседен астам арттыруға ықпал еткен ауқымды жоба жүзеге асырылды», - деді Мемлекет басшысы.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91