Бітімгерлер санын 430 адамға жеткізу жоспарланып отыр
Жабық брифингте ҚР ҚМ бітімгершілік операциялар орталығының басшылығы өз қызметінің нәтижелерімен және даму жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Брифинг ҚР ҚМ Алматыдағы бітімгершілік операциялар орталығында өтті. Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов пен сала басшылары Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алдағы жоспарлар туралы айтты.
Қорғаныс министрлігі бітімгершілік операцияларға қатысатын әскери қызметшілердің санын 430 адамға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын мәлім етті. 2023 жылдың маусымында Парламент бұл шешімді мақұлдаған болатын. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әскери қызметшілердің саны 40 адам болған.
«Қазақстанда жауынгерлік тәжірибе жоқ. Біз тәжік шекарасында Қазбат тәжірибесін алдық. Біз басқа мемлекеттермен бір деңгейде болу үшін тәжірибені қайдан алуымыз керек? Ол – бітімгершілік миссиялар», - деді Камалетдинов.
Бұл ретте әскери қызметшілер арасында тәжірибені біркелкі тарату және беру үшін Қорғаныс министрлігі ротация жүргізуді жоспарлап отыр. Тіркелген құрамы бар Қазбаттың қателігін болдырмау үшін енді бейінді ведомство жыл сайын түрлі өңірлік қолбасшылықтардың әскери қызметшілерін пайдаланатын болады.
Мәселен, биылғы бітімгершілік операцияларға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері қатысады.
Брифинг қорытындысы бойынша әскерилер қазақстандық әскери қызметшілердің Голан биіктігіне қатысуы туралы мәселені пысықтап жатқанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бірер апта бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы сейсенбіде Израильдің басып алған Голан биіктерін босату туралы қарар қабылдаған болатын. Ал Қазақстан бұл қарарды қолдайтыны туралы дауыс берген.