Қорғаныс министрінің орынбасары Алматы гарнизонында жұмыс сапарымен болды
Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов бірқатар әскери нысандарды тексерді. Бұл туралы Sarbaz.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Алматыда ол пайдалануға берілген модульдік кешенді ғимараттың тапсыру сапасын тексерді. Жаңа нысан Алматы қаласының әуеайлағынан басқа өңірлерге әскери-көліктік авиацияның ұшуын жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін 53975 әскери бөлімінің жеке құрамын орналастыруға арналған. М. Таласов ұшқыштардың, инженерлік-техникалық құрамның және ұшуды басқару тобының тұрмысы мен демалысын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында министрдің орынбасары курсанттарға жасалған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлармен танысты. Ол жаттығу залын қарап, казарма мен медициналық пунктегі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Генерал-лейтенант М. Таласов курсанттарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы тәуелді болатын медициналық пункт мамандарының жарақтандырылуы мен біліктілігіне назар аударды.
Жұмыс сапары әскери институтта жаңа медициналық кафедраның ашылуымен тұспа-тұс келді. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басшылығы министрдің орынбасарын оның толыққанды жұмыс істеуі мен дамуы үшін атқарылған жұмыстар туралы хабардар етті.
Тексеру қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов әскери инфрақұрылымның жаңа объектілерінің қызметін ұйымдастыруға және жарақтандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.