Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы
«Қазгидромет» РМК 12-14 желтоқсан күндеріне арналған үш күндік ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Жаңа апта аязды ауа райымен басталды. Алдағы күндері де Қазақстанның басым бөлігінде аяз сақталады. Оған арктикалық антициклон себеп болып отыр.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, 12-13 желтоқсанда атмосфералық фронттардың әсерінен республиканың шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында қар жауады.
12 желтоқсанда таулы аймақтарда қалың қар жауады. Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында жел күшейіп, таулы жерлерде тұман түседі.
«12-13 желтоқсан түнде ауа температурасы төмендейді: солтүстік-батыста және орталықта — минус 25-38, солтүстікте — 30-38 градус аяз, республиканың қиыр солтүстігі мен солтүстік-батысында – 40-44 градус аяз. Республиканың шығысында — 20-38, 14 желтоқсанда — 32-38, кей жерлерде минус 40-42 градусқа дейін, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста —25-30, таулы аймақтарда 33-38 градус аязға дейін суытады», - дейді «Қазгидромет».
14 желтоқсаннан бастап арктикалық антициклон солтүстік-шығыс бағытқа ауысады.
Осыған байланысты елдің батыс жартысында суық ауа азая бастайды.
Соның нәтижесінде ауа температурасы көтеріліп, түнде батыста 5-16 аязға дейін, солтүстік-батыста 15-35 аязға дейін, солтүстікте 25-38 градус аязға дейін өзгереді.