Ішкі туризм: Катон-Қарағайға қалай жетуге болады?

Sarbaz.kz редакторы
20/06/2023 - 00:16

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Катон-Қарағай – Ресей, Қытай және Моңғолия елдерімен шектесіп жатқан құрамына Катон-Қарағай Ұлттық табиғи саябағы мен Марқакөл қорығы кіретін табиғаты ерекше жаратылған туристік аймақ. Катон-қарағайлықтардың өздері бұл тұмса табиғатты «пәк табиғат» деп атайды. Себебі дүниенің бұл кереметін жергілікті жұрттан басқа көп ешкім көре бермейді деседі. Sarbaz.kz тілшісі аталмыш мекенге жету жолына шолу жасап шықты.

Астанадан

Астанадан Катон-Қарағайға Өскемен қаласы арқылы бара аласыз. Ол үшін «Air Astana» немесе «SCAT» авиакомпаниясының қызметтерін пайдаланып немесе пойызбен Өскемен қаласына жетуге болады. Әрі қарай 328 шақырым автобус немесе жеңіл автокөлікпен өтесіз. Өскеменнен Катон-Қарағайға дейінгі жол ұзақтығы 6-9 сағат. Такси қызметі – әр адамға 5-7 мың теңге.

Алматыдан

Алматы қаласынан Өскеменге дейін әуе компанияларының қызметтерін пайдалана аласыз. Әрі қарай Катон-Қарағайға дейін 328 шақырым автобус немесе жеңіл автокөлікпен өтесіз. Жол ұзақтығы 6-9 сағат. Такси қызметі – әр адамға 5-7 мың теңге. Алматыдан Өскеменге дейінгі пойыз жолы 24 сағатқа созылады.

Автобуспен

Катон-Қарағайға тікелей автобус рейстері жоқ, сондықтан автобус билеттерін Өскемен қаласына дейін алып, Катон-Қарағайға дейін басқа автобусқа отыруға болады. Автобустардың жүру кестесін автобекеттерге хабарласу арқылы білуге болады.

Автокөлікпен Катон-Қарағайға жеке көлікпен шығатын болсаңыз, ШҚО көлік жолдарының картасы қажет болады.

Берел қорымы

Археологтар ашқан әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтардың бірі – Алтайдағы Берел қорымы. Ол жан-жағын биік тау қоршаған шағын тегіс алқапта орналасқан. Соңғы жылдарда «Патшалар жазығы» деп аталып кеткен бұл аумақ Бұқтырма өзенінің бойын қуалай батыстан шығысқа қарай көсіле түсіп, оған құятын Ақ Берел (Ақбұлақ), Бұланты тау өзендерімен шектеліп жатыр. Бұл араның табиғаты өте әсем.

Мұзтау туралы естідіңіз бе?

Басын қар шалған, мәңгі мұздықтар мекені Мұзтау Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан. Қытай мен Моңғолия қол созым жерде тұр. Шығыс және Батыс Мұзтау мен Делоне шыңдарын қосатын тау массиві Мұзтаудың негізін құрайды. Қойнауы аңыз бен тарихқа толы Мұзтау – киелі орындардың бірі.

Рахман қайнары туралы не білеміз?

Рахман қайнары – еліміздегі шипалы сулардың бірі. Оған ауруына ем іздеп келетіндердің қарасы көп. Соған орай жағалауға түрлі санаторийлер салынған. Шипалы жылы су көзі асқазан, ревматизм, омыртқа сүйектері, жүйке, тыныс, улану, гинекологиялық аурулар, буындардың ауруы және теріге шығатын жараларды емдеуге қолданылады.

Маралдардың мүйізін неге кеседі?

Бүгінде Катонқарағайда аумағы бірнеше мыңдаған гектарды алып жататын марал шаруашылығы қалыптасқан. Маусым, шілде айларының ішінде барлық маралдың мүйізін кесіп, орнын залалсыздандырып үлгеру керек. Себебі қолға үйретілген маралдар мүйіздерін өздіктерінен тастай алмайды, бұл жерде адамның көмегі керек. Маралдың еркек жынысының ғана мүйізі кесіліп, ол ем ретінде пайдаланылады. Оның құрамында адам денсаулығына пайдалы көптеген микродәрумендер бар.

Сауықтыру кешені қандай қызмет көрсетеді?

Маусым, шілде айларында еліміздің түкпір-түкпірінен емделуге туристер Катон-Қарағайдың марал өсіретін шаруашылықтарына «панты бұлауына» түсу үшін барады. Қазір барлық марал шаруашылықтарында емдеу-сауықтыру кешені жұмыс істейді. «Баян» туристік-сауықтыру кешенінде емалушылар үшін пантотерапия, фитоемдеу, жаяу және атпен серуендеу ұйымдастырылады.

Нұрдәулет Кәкіш

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85