Костенко атындағы шахтадағы апатты тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысын аяқтады
Сенбі күні, 9 желтоқсанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның, қиыр және таяу шетелдердің ғылыми-зерттеу және сараптамалық ұйымдарын тарта отырып, техникалық құжаттаманы, айғақтарды және басқа материалдарды зерделеу бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізілді.
Нәтижесінде, өрт және метан-ауа қоспасының одан әрі жарылуы қырғыш конвейер элементтерінің соққысы мен үйкелісінен пайда болған механикалық ұшқыннан газдың (метанның) тұтануының болғаны анықталды. Газдың өзі астыңғы төсемеден бөлінген.
Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылушылықтарын да анықтады.
Атап айтқанда, жұмыстың толыққанды ұйымдастырылмауы және қауіпті өндірістік факторларға қажетті өндірістік бақылаудың жоқтығы атап өтілді. Олардың қатарына тұрақты шахталарда шаң мен жарылысқа қарсы шараларды орындау да жатады.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды.
Еңбек заңнамасына сәйкес тергеу материалдары құқық қорғау органдарына берілді.
Айта кетейік, 28 қазан сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болып, 46 кенші көз жұмды. Соңғы 46-шы кеншінің дене бөлшектері табылғанын жариялаған болатынбыз.