Әскери қызметшілер арасында қызылшаның 51 жағдайы тіркелді
Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының 645 әскери қызметшісі қызылшаға қарсы екпе алды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Оқу орнының баспасөз қызметінің мәліметінше, 46 әскери қызметші қызылшамен ауырған. Тағы бес курсант емделіп жатыр.
«Жалпы Академияның әскери қызметшілерінің арасында қызылшаның 51 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 4 офицер, 3 келісімшарт бойынша әскери қызметші және 44 курсант бар. Барлық әскери қызметшілердің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық», - делінген хабарламада.
Осыған дейін Ұлттық ұлан академиясының науқас курсанттарымен байланыста болғандар қызылшаға қарсы екпе алатыны хабарланған.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, осы жылдың басынан бері Қазақстанда қызылшаның 20 188 жағдайы тіркелген. Оның 81%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар арасында. Ең көп жағдай Шымкент, Алматы және Жамбыл облыстарында тіркелген.