«Жас сарбаз» қозғалысының құрамы 280 мың тәрбиеленушіге жетті

Бес жылдағы белестер

Sarbaz.kz редакторы
08/12/2023 - 17:29

Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бес жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Sarbaz.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласовтың басшылығымен өткен жалпы жиналыста «Жас сарбаз» қозғалысының 2024 жылы іске асырылатын негізгі жобалары таныстырылды.

Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек, Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов, Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Асенов, Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма бастығы Сәуле Апетова, «Әскери-патриоттық клубтар федерациясы» және «Qazaqstan ardagerleri» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл қатысты.

 – Бес жыл ішінде «Жас сарбаз» қозғалысы өз ұстанымын нығайтып, тұжырымдамалық негіздер мен дәстүрлерге ие болды. Бүгінде әскери-патриоттық қозғалыс еліміздің барлық өңіріндегі 280 мыңға жуық баланы қамтып отыр. Қозғалыс тәрбиеленушілері отансүйгіштік рухта және ерлікке толы өткен тарихымызға мақтанышпен тәрбиеленіп келеді, – деді генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов.

Іс-шара барысында «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының құрылтайшылар қатары толығып, оларға төсбелгілер мен куәліктер табыс етілді.

Қозғалыс активінің кеңейтілген жиналысында қоғамдық бірлестік белсенділерін, педагогтарды, әскери қызметшілерді, азаматтық персонал мен жұртшылық өкілдерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жұмалиевтер және Махметовтар отбасы арнайы «Жас сарбаз алғысы: ата-анаға» номинациясымен марапатталды. Ал Роман Огай, Молдабай Сүйіндіков және Владимир Ильгнердің көп жылдық педагогтық еңбегі «Жас сарбаз алғысы: ұстазға» номинациясымен атап өтілді.

Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы № 8 орта мектебінің директоры Екатерина Путилина мен Павлодар қаласы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры Иран Бектеміровке «Жас сарбаз алғысы: тәлімгерге» номинациясы табысталды.

«Жас сарбаз» қозғалысының іс-шараларына белсенді қатысқан Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев пен Талғат Бигелдинов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі бастығының орынбасары майор Арман Қалдыбеков «Жас сарбаз алғысы: тәрбиешіге» сыйлығымен марапатталды.

Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та таратылатын тақырыптық бейнероликтер мен фильмдерді жасауда көмек көрсеткен Қорғаныс министрлігі Медиа-контент орталығы Монтаждау және дизайн басқармасының бастығы Сәния Садықова «Жас сарбаз алғысы: жанашырға» номинациясын иеленді.

Іс-шара «Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілері дайындаған мерекелік концертпен аяқталды.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4