«Бұл соғыс ұзаққа созылады»: сарапшы АҚШ Сенатының Украинаға қатысты заң жобасынан бас тартуы туралы

АҚШ Сенаты Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасынан бас тартты

Нұрдәулет Кәкіш
07/12/2023 - 22:16

Көрнекі фото: Ozge Elif Kizil / Anadolu Press / Abacs Press / East News

Көрнекі фото: Ozge Elif Kizil / Anadolu Press / Abacs Press / East News

АҚШ Сенаты Украинаға көмек көрсету туралы заң жобасынан бас тартты. Егер АҚШ қолдауды азайтса, Украинаның тағдыры не болады? Еуроодақ та көмекті азайта ма, әлде, керісінше, көбейтуі мүмкін бе? Бұл туралы әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы пікір білдірді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Иә, «республикашылдар» АҚШ Сенатында Украина мен Израильге көмек көрсету туралы заң жобасынан бас тартты. Яғни бұғаттап тастады. Бірақ менің білуімше, 5 жұмыс күнінен кейін бұл мәселе қайта қаралуы тиіс. Бұл 2024 жылғы президент сайлауына байланысты электорат назарын аударуға бағытталған қадам сияқты. Айталық, қазіргі билікке Мексика шекарасының дұрыс реттелмегені және басқа да айып тағып отыр. Сол себепті қолдау аса қатты төмендейді деп есептемеймін. АҚШ президентінің Сенат пен Конгресске жүгінбей, Украина мен Израильге басқа жолмен де көмек беретін мүмкіндігі бар. Мысалы, ол – тікелей Пентагонның көмегі. Сондықтан АҚШ-тың қолдауы төмендеді деп бағалау дұрыс болмайтын шығар», - деді ол Sarbaz.kz-ке.

Оның сөзінше, Украинадағы әскери операция барысында батыстың бірқатар қорғаныс өнеркәсіп кешендері алдағы бірнеше жылға нақты жоспармен жұмыс істеуді бастады. Сондықтан ірі бизнестің лоббиі АҚШ-қа бұл көмектен бас тарту мүмкіндігін бермейді.

«Сол себепті АҚШ-тың көмегі аса қатты әлсірей қояды деп есептемеймін. Өз пайымдауымша, бұл соғыс ұзаққа созылатындықтан, Еуропалық Одақ та көмегін жалғастыра беретін шығар. Меніңше, белгілі бір кезеңдерде ғана сәл бәсеңдемесе, Еуроодақ тарапынан көмек аса азая қоймайды. Өйткені Еуропада да қорғаныс саласы бойынша өнеркәсіп компаниялары осы соғысқа байланысты қосымша тапсырыстар ала бастады. Қосымша әрекеттер жасай бастады. Сондықтан да оларды тоқтату мүмкін болмайтын сияқты. Өйткені ірі бизнес бәрібір өз дегенін жасайды. Дегенмен батыс саясатының аяқастынан өзгеруі мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды», - деп қосты әскери сарапшы.

Оның пікірінше, АҚШ сенатының бұл әрекеті соғыстың тағдырына аса қатты әсер етпейді.

«Осы позициялық ұрыстар жазға дейін жалғасуы мүмкін. FPV дрондар мен артиллериялық соққылар жасау, сонымен қатар зымыран соққыларын жасау жалғаса береді. Бұл жерде позициялық соғыстың қаншалықты ұзаққа созылатындығына байланысты болмақ. Бір ескеретіні, снарядтар жасау жағынан Ресей қорғаныс өнеркәсібі кешенінде біршама қуат бар. Сондықтан Украинаға біраз ауыр тиюі мүмкін деген болжам бар», - деді Амангелді Құрметұлы.

×

Редакция

$ 478.96  533.03  5.22