Тіркеу автоматты түрде жүзеге асырылады
17 жастағы жігіттерге енді жеке істі жинап, тіркелу үшін әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Бұл процесс толығымен жойылды. Тіркеу жүйелердегі қолда бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің Sarbaz.kz редакциясыныің ресми сауалында айтылған.
Цифрландыруға дейін әрбір 17 жастағы бала жеке ісіне құжаттар тізімін жинап, медициналық тексеруден өтуі керек болатын. Содан кейін жергілікті әскери басқару органына тіркелетін еді. Әдетте тіркелу жыл сайын қаңтардан наурызға дейін өтетін. Тіркеу болашақ сарбаздардың санын және олардың жарамдылық дәрежесін есепке алу мақсатында жүргізілетін.
Сонымен қатар жыл сайын республика бойынша 200-ге жуық тіркеу комиссиясы құрылып, оған арнайы дәрігер мамандар жұмылдырылатын.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, цифрландырудан кейін, яғни 2024 жылдан бастап Қазақстанда тіркеу мемлекеттік органдар жүйесіндегі қолда бар деректер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатын болады.
«Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорымен интеграциялау есебінен 16 жастан 60 жасқа дейінгі барлық азаматтардың ақпараты Қорғаныс министрлігінің дерекқорына автоматты түрде түседі. Осының нәтижесінде база әр жас бойынша әскери міндеттілердің санын білуге мүмкіндік береді. Кәмелетке толмаған жастардың жарамдылық дәрежесін тексеру қажеттілігі жойылды. Өйткені ол әскерге шақырылған кезде жарамдылық дәрежесі өзгеруі мүмкін. Осылайша, еңбек ресурстары үнемделеді», - делінген министрлік ақпаратында.