56 жыл бұрынғы жағдай қайталанды ма: Қазақстанда қашан қалың қар жауады?

Биылғы күз неге ерекше жылы болды?

Нұрдәулет Кәкіш
30/11/2023 - 22:37

Фото: Imenno.ru

Фото: Imenno.ru

Қазақстанда қашан қалың қар жауады? Биылғы күз неге ерекше жылы болды? Мұндай жағдай бұған дейін ел тарихында қай жылдары болып еді? Жаһандық жылынуға қарсы қандай шара қолданылуы мүмкін? Толығырақ Sarbaz.kz порталында.

«Қазгидромет» РМК мәліметінше, болжамға сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде қар жамылғысы желтоқсанның бірінші онкүндігінің соңында, ал республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында айдың екінші жартысында  жайғасады.

«Желтоқсан айының басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Сондай-ақ тұман, көктайғақ құбылыстары болады деп күтілуде. Ал солтүстік өңірлерде оған қоса ұйытқыған жел мен баяу бұрқасынның соғуы да жоққа шығарылмайды. Желтоқсанның бірінші онкүндігінің екінші жартысында оңтүстік аймақтарды қоспағанда, елдің басым бөлігінде аязды ауа райы күтіледі. Қар жауып,  бұрқасынды жел күшейеді, термометрлердің бағандары түнгі уақытта – 10-20°С-қа, күндіз –3-10°С-қа дейін төмендейді деп болжануда», - деді «Қазгидромет» РМК 1-санатты инженері Афродита Пирімжар.

Күз неге жылы боп тұр?

Афродита Пирімжардың сөзінше, Қазақстан аумағына тән емес жылы күз бен қыстың кеш келуі батыс және оңтүстік циклондардың жиі орын алуымен, сондай-ақ Иран мен Жерорта теңізі аудандарынан жылы ауа массаларының келуімен байланысты.

«Осыған байланысты Қазақстан аумағындағы температуралық фон климаттық нормадан 3-10° жоғары болды. Метеобақылау тарихында ағымдағы жылдың қараша айы өте жылы болды, жылы ауа райының жоғарғы шегі 17-18 қараша аралығында байқалды. Соңғы рет ауа райы жылы 2010 жылдың қарашасында болды. Ол кезде ауа температурасы нормадан 2-7° ауытқыды», - деді «Қазгидромет» РМК 1-санатты инженері.

Мұндай жағдай ел тарихында қай жылдары болды?

Көпжылдық бақылаулар бойынша Астана қаласында қалың қардың кеш жаууы осыдан 56 жыл бұрын, 1967 жылдың 15 желтоқсанында және 15 жыл бұрын, 2008 жылдың 14 желтоқсанында тіркеліпті.

«Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, елордада қар жамылғысының ерте жайғасуы – 10 қазан, орташа жайғасуы – 10 қараша, ал кеш жайғасуы – 15 желтоқсан. Соңғы үш жылда – 2020, 2021, 2022 жылдары қарашаның бірінші онкүндігінің соңында, екінші онкүндігінің басында тұрақты қар жамылғысы тіркеліп, орташа биіктігі 8-13 см құрады», - деді Афродита Пирімжар.

20 жыл бұрынғы қыс. 12 жыл бұрынғы болжам

РМК мәліметінше, суық кезеңде республика аумағында Атлантикалық аймақтардан жылы және ылғалды ауа массаларының жиі қозғалуы күтіледі. Алдағы қыста Қазақстан аумағында температуралық фон 1-2 градусқа жоғары болады деп болжанған. Тек желтоқсанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шегінде, ал елдің солтүстігі мен шығысында нормадан бір градусқа төмен болады деп күтіледі.

«Қазақстанда биыл қыс ерекше жылы болады. Мұндай қыс 20 жылдан аса уақыттан бері болмаған. Алайда бұл мүлде аномалия емес. Консультативтік-маусымдық ауа райы болжамына сәйкес, 2023-2024 жылдардағы қыс 2001-2002 жылдардағы қыстың сценарийіне сәйкес келеді. Яғни жауын-шашын нормаға жақын немесе одан да көп болады», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.

Ал Қырғызстанның «Халық академиясы» қоғамдық ұйымының басшысы Арстан Алай Әбділдаев осыдан тура 12 жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 29 қарашасы күні АКИpress баспасөз конференциясында қыс мезгілі болашақта болмайтыны туралы айтып, көптің күлкісіне қалған болатын. Дегенмен оның бұл сөзі бүгінде шындыққа айналғандай әсер қалдырады. Қазір жаһандық жылыну мәселесі бүкіл әлемнің бас ауруына айналып отыр. БҰҰ сияқты әлемдік ұйымдарда жаһандық жылыну проблемасы бүгінге дейін талай рет талқыланды.

Билл Гейтс климаттың өзгеруін тоқтатуға не ұсынды?

Ғылымнан алыс адамдар климаттың өзгеруі мәселесі бірнеше жыл бұрын саясаткерлер мінберлерден айта бастаған кезде пайда болды деп ойлауы мүмкін. Алайда іс жүзінде ғалымдар бұл мәселені екі ғасыр бойы зерттеп келеді.

Кейбір дереккөзге сүйенсек, соңғы 140 жылда орташа жылдық температура шамамен 1°C-қа көтерілген.

Ғалымдар жер климаты жиі өзгеретінін айтады. Бұл, ең алдымен, Жер планетасының орбитасындағы өзгерістерге байланысты көрінеді. Орбита бірде созылып, содан кейін дөңгелектенеді-мыс. Бұл цикл шамамен 93 мың жыл бойы айналады деседі. Сонымен қатар әр 41 мың жыл сайын жер осінің орбита жазықтығына көлбеу бұрышы және әр 26 мың жыл сайын айналу конусы өзгереді-мыс. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл факторлардың жиынтығы жоғары ендіктерде (Арктика мен Антарктика) келетін күн жылуының мөлшеріне тікелей әсер етеді, яғни мұздықтардың пайда болуына әсер етеді.

Климаттың өзгеруі экологтарды ғана емес, бизнес өкілдерін де алаңдатып отыр. Атап айтқанда, Microsoft корпорациясының негізін қалаушы Билл Гейтс 2018 жылы жаһандық жылынудың алдын алуға арналған өзінің ұсыныстарын жариялады. Оның пікірінше, ядролық технология климаттың өзгеруімен күресу үшін өте қолайлы.

«Өйткені ол тәулігіне 24 сағат қолжетімді жалғыз көміртексіз, масштабталатын энергия көзі болып саналады. Апат қаупі сияқты заманауи реакторлармен байланысты мәселелерді инновация арқылы шешуге болады. Әлем климаттың өзгеруін тоқтату үшін көптеген дұрыс шешім қабылдауы керек. Жетілдірілген ядролық технология – сондай шешімнің бірі», - деді Билл Гейтс.

×

Редакция

$ 488.45  529.19  5.04