Автомат оғынан қорғайтын бас киім
АҚШ қарулы күштерінің арнайы жасақтары қару-жарақ тұрғысынан «трендтер» орнатып жатқаны белгілі. Осындай трендтердің бірі – OpsCore компаниясының FAST дулығасы. Sarbaz.kz тілшісі аталмыш дулығаның ерекшеліктеріне шолу жасап шықты.
FAST дулығасы ең алдымен өзгелерімен салыстырғанда ерекше келбетімен көзге түседі.
Қарулы күштердің арнайы жасақтары қару-жараққа қашанда ерекше талаптар қояды. Оның ішінде салмағы, ауқымы, басқа жарақпен үйлесу мүмкіндігі негізге алынады. Мәселен, XX ғасырдың соңында, салмақты үнемдеу және байланыс құралдарын кедергісіз қолдану үшін көп жағдайда спорттық дулығаларды қолданды. Мысалы, ProTec скейдбордтық дулығасы АҚШ қарулы күштерінің арнайы жасақтарында кең таралған болатын.
Дельта қызметшілерінің бастарында ProTec скейдбордтық дулығалар. Сомали, 1993 жыл
SEAL Team 8 VBSS қызметшілері жаттығуда, 1991 жыл. ProTec дулығалары
2000 жылдардың басында арнайы жасақтар үшін бірнеше дулығаның нұсқасы жасалды. Олар арнайы жасақтарға түнде көру аспабын және құлаққаптар орнатуға мүмкіндік берді. Алайда, салмағына байланысты талаптарға сай келмеді. Мысалы, MICH дулығасы өлшеміне байланысты салмағы 1,3-1,6 кг кұрайды, оның үстіне көру аспабын және құлаққапты орнатса, салмағы 2,5-3 кг-ға жетеді. Бұл сарбаз үшін үлкен қиындық тудырады.
Осы мәселерді шешу үшін 2008 жылы OpsCore компаниясы FAST дулығасын шығарды. FAST дулығасының ең алдымен көзге түсетін ерекшелігі – құлаққа арналған ойықтары бар. Бұл құлаққаптарды қолданудағы ыңғайлығы үшін ғана емес желкені қорғауға да мүмкіндік берді.
Олар стандартты MICH дулығаларына қарағанда жеңілірек болды. Ал ең бастысы, байланыс гарнитураларын дулығаның астына немесе адаптерлердің көмегімен бүйіріне бекітуге жеткілікті болды.
2009 жылы АҚШ арнайы күштері аталмыш дулығаға тапсырыс беріп, Ауғанстандағы қызметшілеріне жіберді.
АҚШ арнайы күштері FAST дулығасын қолдануды бастағаннан кейін, оған өзге елдер де қызыға бастады.
Қазір FAST дулығасы біраз мемлекеттің арнайы күштерінде қару ретінде қабылданған, ал Норвегия елінің қарулы күштерінде жалпыәскери дулыға ретінде қолданысқа енгізілген.
Дулыға өндірушілер FAST түрі әйгілі болғаннан кейін, оның көшірмесін шығара бастады. Алайда, бұл көшірмелер түпнұсқамен салыстыруға келмейді.
ҚР ҰҚК-ның арнайы жасағы FAST дулығаларымен жабдықталған
FAST дулығаларының басқа арамидті талшықтардан (Kevlar, Twaron) жасалған нұсқаларынан айырмашылығы – композитті материалдардың қолданылуы. Бұл композиттің ішіне ультра жоғары молекулярды полиэтилен және карбон кіреді. Бұл композитті өндіру технологиясы құпия саналады.
Бұл технология салмағы небәрі 800 грамм болатын дулығаның жоғары деңгейде (NIJ IIIA класы) қорғауына мүмкіндік береді. NIJ IIIA қорғау деңгейі 9 мм тапанша оғынан қорғауды қамтамасыз етеді.
Бұл технология басқа өндірушілерде жоқ, сәйкесінше олардың FAST көшірмелері Kevlar немесе Twaron брендінің арамид талшықтарына негізделген баллистикалық матадан жасалған. Баллистикалық қасиеттер осындай матаның сығылған қабаттарымен қамтамасыз етіледі және олардың әсер ететін элементтерге жоғары төзімділігі белгілі бір матаның сапасына және оның қабаттарының санына тікелей байланысты.
Осылайша, NIJ IIIA класының параметрлеріне қолжеткізу үшін өндіруші мата қабаттарының санын көбейтуге мәжбүр болады және осылайша дулығаның салмағына әсер етеді. Барлық NIJ IIIA қорғаныс класына сәйкес келетін арамидтен жасалған FAST баллистикалық көшірмелерінің салмағы 1500 граммнан асады.
Қазіргі кезде OpsCore компаниясы Gentex компаниясына кіреді. Соңғы FAST дулығасының үлгісі OPS-CORE FAST RF1 HIGH CUT нұсқасының салмағы небәрі – 1,2 кг. Ол тіпті автомат оғынан да қорғай алады.