223 млн теңге: Ұлытау облысында бюджет қаражаты талан-таражға түскен

Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынды

Sarbaz.kz редакторы
29/11/2023 - 15:58

Фото: Zakon.kz

Фото: Zakon.kz

Ұлытау облысының прокуратурасы 223 млн теңге сомасына бюджет қаражатын талан-таражға салу фактісін анықтады, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

«Прокурорлар Жезқазған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің (бұдан әрі – ТКШ бөлімі) қызметін тексерді.Тексеру нәтижесі бойынша Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі анықталды.Атап айтқанда, 2021 жылы ТКШ бөлімінің лауазымды тұлғалары құрылыс жұмыстарын жоғары бағамен қабылдаған, бұл 223 млн теңгеден астам мөлшерде бюджет қаражатын негізсіз артық төлеуге әкелген», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Аталған факт бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастап, оны тергеп-тексеру Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылды.

Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәлімет тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес әркім өзінің қылмыстық құқық бұзышылық жасаудағы кінәлілігі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз болып саналады.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91