Астанада «Ата-ана ұлағаты – ұрпаққа аманат» атты конференция өтті

Конференцияға қаладағы еңбек ардагерлерімен қатар Қарулы күштердің, Ауған соғысына, Чернобль апатын жоюға қатысушылар, тәжік-ауған шекарасында және Иракта бітімгершілік миссиясын атқарған ардагерлер қатысты

Админ
24/11/2023 - 20:04

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ардагерлер мен студенттердің қатысуымен «Ата-ана ұлағаты – ұрпаққа аманат» атты конференция өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Конференцияға қаладағы еңбек ардагерлерімен қатар Қарулы күштердің, Ауған соғысына, Чернобль апатын жоюға қатысушылар, тәжік-ауған шекарасында және Иракта бітімгершілік миссиясын атқарған ардагерлер қатысты.

Ұрпақтар сабақтастығын қолдау және жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру мақсатында өткен іс-шараны аталған университеттің студенттер мәселесі жөніндегі проректоры Жайнагүл Кұсайынова жүргізді.

Конференция барысында Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, ҚР Қарулы күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нағұманов сөз сөйледі. Спикерлер студенттерге азаматтық борыштың елдің өркендеуіндегі маңызы туралы айтты.

Елордалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов биыл атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, ұрпақтар сабақтастығының маңызы жайлы кеңінен сөз қозғады.

«Ата-бабамыз салып кеткен сара жолды таңдап, өскелең ұрпақты салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға сай тәрбиелесек, ұтарымыз мол. Ұлттық сана біздің идеялогиямыздың және қазірғі қоғам дамуының негізі болып саналады», - деді ол.

Өз кезегінде Қарулы үштердің ардагері Әбубәкір Смайылов:

«Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді қазақ. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің миссиясын осы бір ауыз сөзбен бейнелеуге болады. Оның басы-қасында осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр. Жеті атасына дейін жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе ұлы дәстүр. Ендеше Екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен 271 мыңнан астам боздақты  іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді», - деді.

Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын тілге тиек еткен ол қазіргі жастар кімді пір тұтып, нені қалайды деген мәселелерді зерделеу арқылы жүйелі жұмыс жасаған жөн екенін айтты. 

Іс-шара соңында ардагерлер жастарға аға буын атынан Аманат хатты салтанатты түрде табыс етті. Аманат хатта:

«Біз сүйікті Отанымыздың болашақ тағдырын сеніп тапсыруға болатын лайықты, жігерлі, соңымыздан еріп келе жатқан мықты ұрпақты тәрбиеледік. Осы беттеріңізден қайтпай, біздің Аманатымызды келесі ұрпаққа сендер жеткізетіндеріңізге біз сенімдіміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп жатқан барлық реформаларды қолдап, соған қатыссаңыздар біздің  қазақ халқы әлем танитын іргелі мемлекетке айналады деп нық сеніммен айта аламыз!» деп жазылған.

Конфкеренцияға қатысушылар композитор Ескендір Хасаналиевтің әйгілі «Атамекен» әнін қосылып шырқады.

                                                                              Ғани Артықов,

                                                                Астана қаласы Қорғаныс істері

                                                   департаментінің өкілі, запастағы полковник

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91