Қазақстан мен Беларусь Қорғаныс министрлері Минскіде кездесу өткізді

Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Беларусь еліне ресми сапармен барды

Админ
22/11/2023 - 16:10

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстан Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Минскіге Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қорғаныс министрлері кеңесінің және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің бірлескен отырысын өткізуге байланысты барды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Офицерлердің орталық үйінде Қазақстан мен Беларусь Қорғаныс министрлері, генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен генерал-лейтенант Виктор Хрениннің кездесуі өтті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь қорғаныс ведомстволарының басшылары қорғаныс министрліктері арасындағы 2024 жылға арналған ынтымақтастық жоспарына қол қойды.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери ынтымақтастық саласындағы Қазақстан-Беларусь қатынастарының деңгейіне қанағаттанғандығын білдірді.

«Қазақстан бейбітшілікті сүйетін және жауапты мемлекет ретінде бейбітшілікті сақтауға және ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысқа мүдделі», - деп атап өтті ол.

Қазақстан Қорғаныс министрі «Жеңіс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Сол күні Беларусь Республикасы Әскери академиясының Қарулы Күштері Бас штабының факультетінде брифинг өткізілді. Брифинг барысында қазақстандық делегация оқу орнының әскери кадрларын даярлау құрылымымен, міндеттерімен және жүйесімен танысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Беларусь әскери академиясында оқитын қазақстандық әскери қызметшілермен кездесті. Білім беру бағдарламаларының мазмұнына назар аударған ол оқу процесі және әскери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған тұрмыстық жағдайлармен танысты.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91