20 миллионыншы қазақстандық Қарулы күштер офицерінің отбасында дүниеге келді

Бұл олардың төртінші сәбиі

Sarbaz.kz редакторы
18/11/2023 - 00:14

Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілері авиациялық базаның әскери қызметшісі майор Мұхтар Әзімбаевтың жұбайы мен ұлының перзентханадан шығуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Мұхтар Әзімбаев – Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Қарулы күштердегі қызметін авиацияның командалық-тактикалық жауынгерлік басқару офицері лауазымында бастаған. Бүгінде ол 21751 әскери бөлімінің жақын аймақ бойынша ұшу жетекшісі. Жұбайы Диана Әзімбаева – Талдықорған қаласындағы төлем орталығының қызметкері.

2015 жылы шаңырақ көтерген Мұхтар мен Диана биыл көпбалалы ата-ана атанып отыр. Тұңғышы Айзере 2016 жылы туған. Екінші баласы Мұхаммедәмин 2018 жылы дүниеге келген. 2020 жылы дүние есігін ашқан Мейран үш жаста. Ал 14 қарашада дүниеге келген сәби төртінші балалары.

Халықтың деректер базасындағы көрсеткіштеріне сәйкес олардың сәбиі Айсұлтан 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған және Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны деп танылған бес баланың бірі болып отыр.

Олардың төртінші баласы Айсұлтанның туған күні еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны тіркелген сәтпен тұспа-тұс келгені туралы ата-аналар Президенттің X желісіндегі (Twitter) хабарламасынан білді.

Жетісулық отбасыны облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Ол нәресте мен ата-анасына денсаулық тілеп, отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін тапсырып, Президенттің атынан сыйлық берді.

«Отбасы банк» АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев Әзімбаевтар отбасына 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Болашақта бұл қаражат оқу ақысын төлеуге немесе Айсұлтан үшін тұрғын үй сатып алуға алғашқы жарна ретінде жұмсалуы мүмкін.

Әріптестері мерейлі сәби сүйген бақытты ананы әскери оркестрмен қарсы алды. Олар Әзімбаевтар отбасын айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, бақыт тіледі.

×

Редакция

$ 511.22  540.05  4.73