Семейде әскери қызметкер әжей мен бірнеше баласы бар отбасыны өрттен құтқарып қалды

Төтенше жағдай кезіндегі батыл әрекеті үшін аға лейтенант Самат Мәкенов марапатқа ұсынылды

Sarbaz.kz редакторы
16/11/2023 - 17:58

Семейде Өскемен гарнизоны әскери бөлімінің әскери қызметшісі, аға лейтенант Самат Мәкенов өз өмірін қатерге тіге отырып, бірнеше адамды өрттен құтқарып қалды, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Оқиға 11 қараша күні болған. Бірақ бұл оқиға туралы тек бүгін ғана белгілі болды. Оның өзінде өрттен құтқарылған азаматтардың пікірінің арқасында ғана анықталды. Сол күні түнгі сағат 1 шамасында Самат жұбайымен бірге кинодан келе жатқан беті екен. Герцен көшесіндегі екі қабатты ағаш үйдің екінші қабатындағы өртті байқап, дереу көмекке ұмтылған. Ол кіреберіске қарай жүгіріп, әрбір есікті қағып шыққан. Ал оның әйелі уақыт жоғалтпастан өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтеріне қоңырау шалады.

Өрт болған үйдің тұрғындары дереу сыртқа шығып үлгереді. Бастапқыда бәрі құтқарылғандай көрінген. Алайда далаға шыққан кезде барып пәтерлердің бірінде әжейдің сыртқа шыға алмай қалғанын білген. Уақыт оздырмай, қарт кісіні терезеден құтқарып алады.

Дәл осы уақытта екінші қабатта баланың жылаған даусын естиді. Өз өмірін қауіпке тіге отырып, қызыл жалынға оранған үйге қайта жүгіреді. Осылайша өрт сөндірушілер келгенге дейін бірнеше баласы бар отбасыны өрттен аман алып шықты. Әскери қызметшінің жылдам көмегінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ.

Бейбіт күннің қаһарманы – Самат Мәкенов Абай облысының Көкпекті ауданына қарасты Луговое ауылында дүниеге келген. Педагогикалық университетті «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін жаттықтырушы болып жұмыс істеген, көп ұзамай мерзімді әскери қызметке шақырылады. Қазір Самат Мәкенов Өскемен гарнизонының әскери бөлімінде қызмет етіп жүр. Оның Әли есімді ұлы мен Айлин есімді қызы бар.

Самат өз сөзінде бұл әрекетін батырлық деп есептемейтінін жеткізді. Тек мұндай сәтте мінезділік пен мұқтаж жандарға көмекке ұмтылуға деген ерік-жігер қажет деп санайды.    

Төтенше жағдай кезіндегі батыл әрекеті үшін аға лейтенант Самат Мәкенов марапатқа ұсынылды.

Тегтер

×

Редакция

$ 475.39  513.37  5.4