Таразда өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ел чемпионаты басталды

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген барлығы 34 команда қатысып жатыр

Ұлас Үсенбай
19/07/2023 - 19:09

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Тараз қаласында қызметтік міндетін атқару барысында қаза болған өрт сөндіруші-құтқарушыларды еске алу мақсатында Қазақстан Республикасының Өрттен құтқару спорты бойынша ХХІХ ерлер арасындағы және ІХ әйелдер арасындағы жазғы чемпионатының ашылуы өтті, деп хабалайды Sarbaz.kz.

Шара барысында алдымен барлық командалар мен олардың жетекшілері, жаттықтырушылары таныстырылып, жиналғандар қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған өрт сөндіруші-құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов іс-шараның маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, «Қазақстандық өрт сөндірушілер және құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Дәурен Данаев та өз құттықтауын білдірді.

Айта кетейік, дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген барлығы 34 команда, атап айтқанда, ерлер арасында 20 команда, әйелдер арасында 14 команда қатысуда.

Апта соңына дейін созылатын сайыс оқу мұнарасының екінші және төртінші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, өрт сөндіру эстафетасы, жауынгерлік дайындық секілді өрт сөндіру-құтқару спортының төрт түрі бойынша өтеді.

Чемпионат қорытындысымен ҚР Ұлттық құрама командасын жасақтау үшін үздік спортшыларды анықтау, оларды ұлттық құрама командасының құрамына резервке қосу үшін іріктеулер жүзеге асады. Іріктелген команда осы жылдың тамыз айында Түркия мемлекетінің Ыстанбұл қаласында өтетін Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатына қатысатын болады.

×

Редакция

$ 481.84  531.33  5.07