Жылыту маусымы 5 қазан күні басталған
Жылыту маусымы – бұл әдетте өрттің болу себептері көбейетін уақыт, яғни пештер немесе басқа да жылыту құралдарын пайдаланатын кезең. Пеш тек жылу көзі емес, сонымен қатар оны дұрыс пайдаланып, қауіпсіздік қағидаларын сақтамаған сәтте өрт туындау қауіпі бар екенін ұмытпау керек. Құтқарушылар сақтық ережелері басты назарда болуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Sarbaz.kz.
Әсіресе улы газ қауіпті, ол түс пен иістің жоғымен сипатталады.
Улы газбен уланудың алдын алу мақсатында биыл 1 маусымнан бастап республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының жеке тұрғын үйлерінде 18709 газ анықтау датчигі, соның ішінде – 4494 табиғи газдың, 11599 – улы газдың және 2616 түтін датчиктері орнатылды.
Халықтың өртке қарсы мәдениетін арттыру мақсатында тұрғын үй секторында халыққа пештерді, электр жылыту аспаптарын орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын және өрт туындаған кездегі іс-қимылдарды түсіндіру бойынша профилактикалық шаралар өткізілуде.
Профилактикалық аула аралауларымен 600 мыңнан астам үй қамтылды, бір миллионнаң астам азаматқа нұсқау берілді.
«Жылыту маусымы басталғаннан бері (5 қазаннан бастап) тұрғын секторда 528 өрт оқиғасы тіркелді. Жылыту пештерінің және газ жүйелерін қолдану кезінде улы газбен улану оқиғалары да орын алды.
ТЖМ еліміздің барлық тұрғындарына үйлеріңізде келеңсіздіктерді болдырмауға көмектесетін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Мұржаларды уақтылы тазалап, пештерді жөндеу қажет. Ақаулы жылыту аспаптары мен газ жабдықтарын пайдалануға тыйым салынады. Балаларға пештерді өздігінен жағуды тапсырмаңыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстаныңыздар, сонда сіз өзіңізді және жақындарыңызды сақтайсыз», - делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.