Қоғамдық қордың дерегінше, қазір Қазақстанда 17 мыңнан аса көру қабілеті бұзылған азамат бар
2024 жылдан бастап Қазақстан көру қабілеті нашар адамдардың шығармаларды оқуын жеңілдете түсетін Марракеш келісіміне мүше елдер тізіміне енеді, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.
ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли қазіргі таңда Марракеш келісіміне мүше елдер тізіміне 93 мемлекет енгенін мәлімдеді.
«Бұл арқылы зағип жандар осыған дейін жарияланған бейімделген әдебиеттерді оқу мүмкіндігіне ие болады», - деді Әділет министрлігінің ресми өкілі журналистерге арналған брифингте.
Қоғамдық қордың дерегінше, қазір Қазақстанда 17 мыңнан аса көру қабілеті бұзылған азамат бар.
«Сондықтан Қазақстанның Марракеш келісіміне енуін халықаралық ұйымдар, Қазақ зағиптар қоғамы, нашар көретін адамдарға арналған республикалық кітапхана мен кітап шығарушы баспаханалар қолдап отыр. Бұл көру қабілеті нашар қазақстандықтардың арнайы бейімделген әдебиетке кеңейтілген қолжетімділік алатынын білдіреді. Шартқа қосылу инклюзивті және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам болып саналады», - деді Талғат Уәли.