Қазақстанда Apple компаниясының атын жамылған 9,6 мың жалған өнім тәркіленді – министрлік

74 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 6 млн теңге айыппұл салынды

Нұрдәулет Кәкіш
08/11/2023 - 20:19

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Apple компаниясының өтініші негізінде Қазақстанда жүргізілген 30 тексеру іс-шарасының қорытындысы бойынша 15 млн теңгеден аса сома мөлшеріндегі 9 662 бірлік жалған өнім ретінде тәркіленді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Азаматтық айналымнан алынатын контрафактілік өнімдердің тізімі өте кең. Бұл киім, тұрмыстық химия, автомобильдерге арналған қосалқы бөлшектер, гаджеттердің барлық түрлері, тіпті тамақ өнімдері де тәркіленеді. «Chanell», «Apple», «ZEPTER», «Levi`s», «Louis Vuitton», «LEGO», «PUMA», «TOYOTA/LEXUS», «Наурыз», «Ассам», «Prachka» сияқты тауар белгілері иелерінің құқықтары қорғалған. Тек бір ғана «Apple» компаниясының өтініші бойынша 30 тексеру іс-шарасы өткізілді. Тексеру қорытындысына сәйкес, барлық тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 15 млн теңгеден аса сомаға 9 662 бірлік жалған өнім тәркіленді. Олар: құлаққаптар, смарт-сағаттар, қуаттау құрылғылары, сымдар, ұялы телефондарға арналған аксессуарлар», - деді Талғат Уәли.

Оның айтуынша, Алматы қаласының Әділет департаменті шамамен 1,6 млн теңге сомасына 4 076 бірлік мөлшерінде «APPLE», «iPhone» тауар белгісінің заңсыз бейнесі бар контрафактілік өнімді тәркіледі.

«Тәркіленген өнімдер Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысына сәйкес жойылды. Кінәлі тұлғаға айыппұл салынды.

Барлығы ҚБтК-тың, яғни Бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердiң атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану 158-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 74 адам тартылып,  айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 6 млн теңгені құрады.

Жыл басынан бері әділет органдары бөтен тауар таңбасын заңсыз пайдаланудың 92 фактісін анықтап, азаматтық айналымнан 45 млн теңгеден аса сомаға 24 мыңға жуық контрафактілік өнім тәркіленді.

Осы саладағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Тексерулер құқық иеленушілердің өтініштері негізінде жүргізіледі», - деді ол.

×

Редакция

$ 494.87  520.65  4.91