Қазақстандық брэнд: әлемдік сауда нарығында Алматы апортының шығу тегі көрсетіледі

Бұдан бөлек географиялық көрсеткіш ретінде мемлекеттік реестрге «TURKISTAN» шоколады, «TURKISTAN» балмұздағы және Қарағанды балмұздағы да енді

Нұрдәулет Кәкіш
08/11/2023 - 18:53

Фото ашық дереккөзден

Фото ашық дереккөзден

Алматы апорты мемлекеттік реестрлер тізімінде қазақстандық брэнд ретінде тіркелді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли журналистерге арналған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

«Бұған дейін қазақстандық алма өсірушілер қауымдастығы Ұлттық зияткерлік меншік институтына Алматы апортының географиялық көрсеткіші, яғни шығу тегі Қазақстан екенін растау туралы өтініш жолдаған болатын. Бірлескен ауқымды жұмыстардың нәтижесінде бұл жұмыстар аяқталды. Енді алматылық апорт шетелдік сауда орындарында сатылатын болса, географиялық көрсеткіші Қазақстан деп көрсетілетін болады. Өздеріңіз білетіндей, Франция шарабы пен пармезан сыры, ал Ресей Алтай балымен танымал. Енді Қазақстанды Алматы апортымен танымал ету жолында жұмыстар жүргізілуде.  Енді әлемдік сауда нарығында Алматы апортының шығу тегі Қазақстан екенін мойындату үшін біздің отандық өндірушілер қай елдерде сауда жасауға ниетті екендіктерін білдіріп, тізім жолдауы керек. Сәйкесінше сол елдерде Әділет министрлігі тарапынан «Алматы апортының» құқығы заңмен қорғалатын болады», - деді Талғат Уәли.

Оның айтуынша, бұдан бөлек географиялық көрсеткіш ретінде мемлекеттік реестрге «TURKISTAN» шоколады, «TURKISTAN» балмұздағы және Қарағанды балмұздағы да енді.

«Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ұлттық заңнамаға жаңа өндірістік меншік нысаны – «географиялық көрсеткіш» түсінігі енгізілген болатын.

Негізінен географиялық көрсеткіш ауылшаруашылығы, азық-түлік, өндірістік тауарлар мен қолөнер туындыларына қатысты қолданылады. Географиялық көрсеткіштің ұлттық брэндті насихаттау және оны шет елдерде таныстыру кезінде маңыздылығы зор», - деді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

×

Редакция

$ 498.34  519.72  4.85